Талдықорған: +13°C
$ 509.51
€ 570.60
₽ 6.30
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет АЛТЫН ТҰҒЫР

СЕНІМНІҢ КҮШІ

12.08.2024
АЛТЫН ТҰҒЫР
СЕНІМНІҢ КҮШІ

Адамды алға жетелейтін – сенім. Сенімнің күші бойға қуат, ойға жүйелілік сыйлай отырып тау қопарып, мұхитты кесіп өтуге дейін қауқарлы. Елге сыйлы болған жандардың батасы мерейіңді өсіріп, сеніміңді қуаттай түспесе, төмендетпесі анық. Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен 77 келіде сынға түскен Демеу Жадыраевтың шеберлігі көптің көз алдында. Осыдан 3 жыл бұрын Токио Олимпиадасында алғашқы айналымда жеңіліп, жарысты 9-орынмен аяқтаған балуанның 35 жасындағы талпынысы талайды таңғалдырғаны анық. 


«АҒА, КЕШІРІҢІЗ…»

Қаумалаған қалың жұрт Алматы әуежайынан Олимпиада ойындарының жүлдегерін күтіп тұрмыз. Бір сәтте Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, ауылдас ағасы Нұрбақыт Теңізбаев иығына көтеріп Демеуді үлкен залға алып кірді. Жиналғандардың ыстық қабылдағаны сондай, шынайы тілекті де, қошеметті де аямады.

– Құттықтап жатқандарыңызға рахмет. Елім үшін барымды салдым. Бұйырғаны күміс болды. Қолдап жатқан баршаңызға алғыс білдіремін, – деді ұшақтан түсе сала тілшілерге сұхбат беріп тұрған Демеу.

Әуежайда күтіп алушылардың қатарында болған анасы Күлипа Бижанова кенже баласының маңдайынан сүйіп, көзіне жас та алды. «Биыл Демеудің жылы. Бішкекте Олимпиадаға жолдама ұтып алды. Сол жарысқа барғанда келінім босанып, немерелі болдым. Демеудің 5 жыл күткен тұңғышы – Дана қызым өмір есігін ашты. Немеремнің аяғы алтын! Демеудің Париждегі жетістігі – немеремнің несібесі», – деді өз сөзінде бақытты әже, аяулы ана. 

Демеу әуежайдан шыға сала бірден аңыз адам Жақсылық Үшкемпіровтің зиратына барып, құран бағыштады. Қай жарысқа бармасын Демеуге батасын беріп, айтулы жетістікке жетуін қалаған ақсақалдың осы бір жүлдені көрмей кеткеніне, медальдің алтын болмағанына Демеу кешірім сұрады. «Аға, кешіріңіз, жүлдені ұзақ күттіргенімізге… Аға, кешіріңіз, сеніміңізді дер уақытында ақтай алмағанымызға…».

ТУҒАН ЖЕРДІҢ «ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ»

Алматыдағы ағайын-туыс, дос-бауырмен емен-жарқын отырып кездескеннен кейін бірден Талдықорғанды бетке алдық. Ол жерде облыс әкімі Бейбіт Исабаев күтіп алып, Олимпиада жүлдегерінің анасына құрмет көрсетті. «Алып анадан туады», халқына лайықты перзент бола білген осындай ер-азаматты тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін ең алдымен, өзіңізге алғысымызды білдіреміз. Құрметтің үлкені, сыйдың төресі ең алдымен анаға жасалуы керек» дей келе, облыс әкімі Жаркент қаласынан жаңа үйдің кілтін берді. Ал Демеудің өзіне «Жетісу облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты. Одан бөлек, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары – спортшының алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғамбек пен жеке бапкері Боранбек Қоңыратовқа да ризашылығын білдіріп, қаржылай сыйлық тапсырды.

«Анамды арнайы шақырып, құрметтеп, баспана сыйлап жатқандарыңызға көп рахмет айтамын. Кезінде Талдықорғанда Жақсылық Үшкемпіров атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында 4 жыл оқып, сол жерде қанатымыз қатайды, үлкен спортқа қадам басуға көпір болды. Туып-өскен жеріміздің құрметті азаматы атану мен үшін үлкен мәрте- бе», – деді Демеу Жадыраев. 

Үшінші сыныптан бастап күрес жолына түсіп, одан бір сәт қол үзбеген балуанның бүгінгі жетістігі көпке үлгі. Осыған дейін Парижде өткен әлем чемпионатында (2017 жылы, 71 келіде күресті) күміс алған балуанға Франция астанасында өткен Олимпиада ойындары да күміс сыйлады. Бұл жүлденің бағасы қымбат, салмағы ауыр. Жаркенттің іргесіндегі Үшарал ауылынан қатысып тұрған екінші балуанға екінші Олимпиадасында жүлде бұйырыпты (Ағасы Нұрбақыт Теңізбаев та екінші Олимпиадасында медаль алды). Қазақ баласы грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаевтың 2008 жылы Бейжіңдегі медалінен кейін араға 16 жыл салып жүлде алып отыр. Жерлес екі балуанның да алғашқы жаттықтырушысы – Жұмахан Тұрғамбек.

«Демеу бала кезінен еңбекқор болды, «Олимпиада чемпионы» болсам деп армандайтын. 2003 жылы Талдықорғанда дарынды балаларға арналған спорт мектеп интернаты ашылды. Сол кезде Жұмахан маған келіп, Демеуді тапсырды. Мен оның екінші бапкерімін. Демеуді интернатта өзім жаттықтырып, жарыстарға апардым. Ол ел чемпионаттарында топ жарды. Демеу алға қойған мақсатын орындамай қоймайтын, тек қана өз еңбегімен жетістікке жетіп отырған жігіт. Оқу бітіргеннен кейін Демеу Алматыға барды. Қазіргі жеке бапкері Боранбек Қоңыратов жаттықтырып, осы деңгейге жеткізді. Балуанымыздың жеңісіне бәріміз қуаныштымыз. Сезімімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймыз», – деді Берік Жаңабатырұлы. 

Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын балуанның еңбекке деген құштарлығын, тәртіпке деген қаталдығын қасындағылар жиі айтады. Жетістікке ықпал жасаған да спортшының сол бір асыл қасиеттері. 

КӘСІПКЕРЛЕР МЕРЕЙІН ӨСІРДІ

Олимпиаданың жүлдесін алып келген әр спортшы құрмет-қошеметтен құралақан емес. Елдің намысын жаһан жарысында абыроймен қорғап, мерейін өсіргені үшін жұрт ықыласы зор, қолдан келсе сый-құрметті молынан ұйымдастырып жіберуге дайын. Алматыдан басталған қуанышты сәт Талдықорғанда жалғасып, артынша туған жері Жаркентте шарықтау шегіне жетті. Жаркенттегі аудандық әкімшіліктің алдында тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, оған Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов, Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев қатысып, спортшыны жарқын жеңісімен құттықтады. Демеу Жадыраевқа жаркенттік кәсіпкерлер «Toyota land Сruiser 300» маркалы көлікті, ал бапкерлері Боранбек Қоңыратов пен Жұмахан Тұрғамбекке «Haval» автокөлігінің кілтін сыйға тартты. Одан бөлек, ауыл азаматтары бір үйір жылқы атап, көңілін өсірді.

«Халыққа, аудан тұрғындарына ризашылығымды білдіремін. Мен көпшіліктің қолдауын үнемі сезініп келемін, сондықтан әр қадамыма жауапкершілікпен қараймын. Бұдан былай да спорттағы жолымды жалғастырып, халықтың үмітін ақтау үшін барымды саламын», – деді Демеу Жадыраев. 

 Абыр-сабырдың арасында Демеуден «бәрі дұрыс па?» деп сұрап қоямын, сондағы жауабы «Білсең ғой сенімнің күшін. Ауылдастарым, елім сенді, Анам сенді, Жақсылық ақсақал сенді, Нұрбақыт ағам сенді, достарым сенді, ал сол сенімді ақтау үшін қалай тер төктім. Дәл қазір қуанып тұрмын. Әрине, алтын болмағаны үшін өкініш бар, бірақ осы бір медаль жолында қанша адамның сеніміне ие болдым екен?! Сол ақталғанда арқадан жүк түскендей жеңілдеп тұрғаным», – деді. Рас, сенімнің тылсым күшін сөзбен айтып, сипаттап жеткізу мүмкін емес. Сенім арқалап жүрген әр жанның бір ерлік жасайтындығы сөзсіз. Тек тоқтап қалмау керек.

Серік ҚАНТАЙ
Талдықорған – Алматы –Жаркент – Талдықорған

Қатысты жаңалықтар

Талдықорғандықтарды тәнті етті

Талдықорғандықтарды тәнті етті

18.05.2025
Жанкүйерін қуантпай тұр

Жанкүйерін қуантпай тұр

18.05.2025
Тұрлымбеттің тұғыры: Сары биді жеңгені

Тұрлымбеттің тұғыры: Сары биді жеңгені

18.05.2025
Сот шешімін орындамасаң  жаза бар

Сот шешімін орындамасаң жаза бар

18.05.2025
ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЖЕҢІМПАЗ

ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЖЕҢІМПАЗ

18.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.