«Жетісу» футбол клубы ел чемпионатының он үшінші турын Семейде «Елімай» командасына қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Жетісулықтар сапынан көзге түскен 23 нөмірдегі қорғаушы — Асхат Балтабеков.
«Жетісу» «Қайсардан» өз алаңында 1:2 нәтижесімен (Мұжықов 21 – Громыко 2, Юденков 67) жеңілгеннен кейін ойынға серпіліс қажет болды. Сырт алаңда турнирлік кестеде үздік бестікте келе жатқан «Елімайға» қарсы ойын өткізу – ауыр болатындығы о бастан белгілі еді.
Ойын екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіп отырды. Бірінші тайм аңдысумен, қауіпті сәттер арқылы жанкүйер есінде қалса, екінші таймда екі голдың куәсі болды. Матчтың 54 минутында бұрыштан допты көтеруге барған Асхат Балтабеков бірден қақпаға допты бағыттап, гол салды. Семейліктер сапынан 62 минутта Иван Свиридов есепті теңестірді.
«Жетісу» жалпы 12 ойыннан кейін 12 гол салса, өз қақпасына 14 гол жіберді. Командадағы мерген – Серікжан Мұжықов (3 гол). Одан кейін 2 гол салған Асхат Балтабеков, Данияр Үсенов және Максим Чиканчи бар.
«Жетісу» келесі ойынын 13 шілде күні Қарағандыда «Шахтермен» өткізеді. Турнирлік кестеде 16 ұпай жинаған «Жетісу» 7-орында.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»