Жетісу облысының орталығында «Біз есірткіге қарсымыз» акциясы аясында велошеру өтті. Аймақтағы велосипедшілер қауымдастығының ұсынысымен ұйымдастырылған спорттық шараға шаһар басшысы Ернат Бәзіл бастамашы болып, Талдықорған қаласы әкімдігі қолдау көрсеткен.
Жиналған қауым алдында сөз алған қала әкімі барша велошеруге қатысқан белсенді азаматтарға алғысын білдіріп, бүгінде аймақта бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысып жүрген жастардың көпбейе түскені көңіл қуанатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, мұндай шаралар әлі де жалғасын табатынын айтып, алдағы уақытта түнгі велошеруді өткізу жоспарда бар екендігін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, велошеру қаладағы «Жастар» саябағынан басталып, «Жеңіс» саябағында дейінгі 4 шақырымды құраған. Оған қаланың 100-ден астам спорт құмар тұрғыны мен өңірдегі кәсіби велосипедшілер, мемлекеттік және басқа да саланың қызметкерлері қатысқан. Шара соңында велошеруде белсенділік танытқан «BIKE TEAM», «Velopark.tdk», «Velofiends» және Velotrveltekeli велосипедшілер қауымдастығының өкілдері қала әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталып, сөз кезегінде өз ризашылықтарын білдірді. Бұдан бөлек, шеруге қатысушылар арасында лоторея ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Айдын КӘЛІМХАН