Облыс орталығында Қазақстан Республикасының мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай таэквондодан республикалық ашық турнир өтті. «Жастар» спорт сарайында 2 тәулік бойы жалғасын тапқан жарыстың ашылу салтанатына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев арнайы қатысып, мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, дүбірлі додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жастар мен жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінің салтанатында сөз алған аймақ басшысы:
– Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған таэквондодан республикалық ашық турнирге қош келдіңіздер! Қоғам өмірінде дене шынықтыру мен спорттың орны қашанда ерекше. Үлкен спортта айтулы жетістікке жету елдің абыройы мен беделін көтерсе, бұқаралық спортты дамыту ұлт саулығына, саламатты өмір салтын насихаттауға, ұрпақ тәрбиесіне зор ықпал етеді. Спортпен шұғылданатын азаматтардың саны жылдан жылға өсіп бүгінде жетісулықтардың 39,2 пайызы спортқа тартылған. Солардың ішінен өздеріңіз секілді талапты жасөспірімдер мен жастар көптеп шығатынына сенімдімін, – деген Бейбіт Өксікбайұлы, облыста жүргізіліп жатқан спорт нысандарының құрылысы мен материалдық базасын нығайту жұмыстарына қысқаша тоқталды. Оған қоса,биыл алты құрлық көз тігетін Париждегі жазғы Олимпиадаға жерлестеріміз де барып байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтынын тілге тиек етті.
Өз кезегінде дүбірлі додаға арнайы келген Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан таэквондо федерациясының вице-президенті Арман Шилмановсөз алып, өнерін шыңдап жүрген өрендерге сәттілік тіледі.Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса:
– Таэквондо төл өнеріміздей қанымызға сіңісті болып бара жатқан спорт түрі. Бұл бекзат өнердің бастауында кешегі мұзбалақ Мұстафа Өзтүрік аталарың тұр. Сондықтан да алдыңғы буындай әлем сүйсінтер деңгейге жету үшін талмай еңбектеніңдер, тынымсыз тер төгіңдер. Осындай бәсірелі бәсекеде талап пен таланттарың қатар жансын. Бақ пен баптарың тең түсіп, тұғырға жетелесін, – деп айрықша тебіренді.
Жас саңлақтар сараланар жарыстың ашылу салтанатында Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармониясының әншілері рухты әндерді шырқады.
Айта кетерлігі, бұл чемпионатқа еліміздің әр түкпірінен келген 8-17 жас аралығындағы 400-ден астам жас таэквондошы қатысты. Жалпы, жарыстың қорытындысы бойынша «Исатай» спорттық клубы жалпыкомандалық есепте топ жарса, Алматы қаласының командасы екінші орынды түйіндеді. Ал жарыстың қола жүлдесіне «Алаш» спорттық клубы ие болды. Бұл үздік үшкоманда ақшалай сыйлық, арнайы Грамота және медальмен марапатталды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай