Талдықорғанда еліміз бойынша тұңғыш рет оқушылар арасында қазақ күресінен «Мектеп Барысы» жобасының ақтық кезеңі өтті.
Дүбірлі додаға Жетісу облысының орталығындағы 27 мектептен алдын ала іріктелген үздік балуандар қатысып «Мектеп Барысы» атағы үшін белдесіп, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Талдықорған қаласының Ернат Бәзіл жас өрендерге сәттілік тілеп, қазақ күресін одан әрі дамуы үшін мұндай тың жобаларды әр кез қолдауға дайын екенін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, жарыс аймақтағы «Болашақ» құрылыс компаниясы мен «Savor», «Issmile» және «Мillennium» мейрамханаларының жан жақты демеушілігінде өткен. Қазақ күресін қолдап, жас балуандарға ақшалай көмегін ұсынған жомарт жанды азаматтарға айтар алғысы шексіз.
Көрермен қауымның делебесін қоздырып тартымды да тартысты өткен сайыс көп өтпей өз мәресіне жетіп жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша ақтық кезеңде топ жарып қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңген №12 орта мектебінің оқушысы Бақытбек Исажан тұңғыш «Мектеп барысы» атанды. Ал жүлделі ІІ- орынды ең жас балуан небәрі 13 жастағы №29 орта мектебінің оқушысы Қоғайбек Жасұлан жеңіп алса, үшінші орын жүлдесін №4 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Мүсәлім Нұрәлі еншіледі.
Бұдан бөлек, белдесуде ерекше көзге түскен балуандар да назардан тыс қалмай ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Айдын КӘЛІМХАН