Талдықорғанда 23 жасқа дейінгілер арасында «Наурыз» мейрамына және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бауыржан Жаналинді еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир өтті. Жарысқа Өзбекстаннан және еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық спортшы қатысты.
Екі күнге созылған жарыста жетісулықтар 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Жүлде алғанның барлығы – қыздар. Ерлер арасында жеңімпаз Бекзат Құлжабаев (60 келі, Жамбыл облысы), Ерасыл Ержанов (66 келі, Ақтөбе облысы), Береке Рахматұллаұлы (73 келі, Алматы), Әділет Алмат (81 келі, Ақтөбе облысы), Нұрдәулет Тынышқали (90 келі, Ақтөбе облысы), Жалғас Серіков (100 келі, Алматы облысы), Дінасыл Тәттімбек (+100 келі, Қарағанды облысы) болса, қыздарда Аяулым Тұрдыке (48 келі, Маңғыстау облысы), Гүлхан Шыңғысхан (52 келі, Атырау облысы), Нұрай Хамзаева (57 келі, Жетісу облысы), Солиха Мырсалыхова (63 келі, Өзбекстан), Гүлнұр Баханова (70 келі, Ақтөбе облысы), Анель Қайратқызы (78 келі, Жетісу облысы), Айымзада Думанқызы (+78 келі, Атырау облысы) 1- орыннан көрінді. Чемпион болған жетісулық Нұрай мен Анельден бөлек, Іңкәр Төлепбергенова (52 келі, күміс) мен Сағира Әділ (70 келі, күміс), Нұршат Кемелханқызы (78 келі, қола), Данагүл Талғатқызы (+78 келі, қола) да жүлдегерлер тізімінде болды. Ұйымдастырушылар жарыстың жоғары деңгейде өткендігін, көзге түскен жас дзюдошыларға қолдау болатындығын айтты.
Серік ҚАНТАЙ