Бюджеттен аладопқа деп бөлінген қыруар қаражаттың ізім-қайым құмға сіңген судай жоғалуы – өңір футболын тұралатып, бір буынның бас сауғалап жан-жаққа кетуіне әсер етті. Осыған дейін ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ақшаның есебінде шек жоқ. Ал бүгінде орнына келгендер жергілікті ойыншылардан гөрі өзгелерге үміт артатындай. Өз ұландарымыз болса өзге клубтың намысын қорғап, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр.
Балалар футболындағы бапкерлер бір допты ұзақ мерзім пайдаланып, үстіге киетін киімдерді үш жылдан артық уақыт ұқыптап кигенін айтқанда жағамызды ұстағанбыз. «Балалар футболына» деп бөлінген қаражаттың балаларға жетпей, жарты жолда талан-таражға түсетіні үшін қатты күйінеміз. Ұландарымыз еліміздің әр қиырында ұйымдастырылған жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіспен қуантқан сәті де аз емес. Сондықтан да олардың бүгінгі таңдауын құрметтеуіміз керек, жағдай жасап, болашақта ел намысын қорғайтын футболшы болып қалыптасуына көмек беру – біздің міндет. Өскен, жетілген ойыншыларымызды да уысымызда ұстай алмай сенделтіп жатқанымыз жасырын емес. «Жетісудың» негізгі құрамы болса биыл жергілікті футболшылар санын қысқартып, өзге ойыншылардың дамуына мүмкіндік бермек. Ұлттық құрамада ойнаған Марк Гурман «Жетісу» футбол клубына басшы болып тағайындалды. Ал бас бапкер болып 2023 жылы Бірінші лигада барлық ойыннан ұпай алған «Елімайды» жаттықтырған, футболшы есебінде ел футболының аңыздарының біріне баланатын Самат Смақов келді. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынындағы ойындары ойдағыдай болмағанымен маусым басын сәтті бастады. «Жетісу» футбол клубы І турда Қостанайдағы «Тобыл Аренада» «Қызылжармен» (Солтүстік Қазақстан) ойнап, 1:1 есебімен тең тарқасты. Алғашқы ойынға негізгі құрамда Кавлинов, Шмидт, Тайкенов, Рудосель- ский, Ковель, Такулов, Айманов, Оматай, Чочиев, Орынбасар, Былов шықты. «Жетісу» футбол клубының Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында осы тізім жарияланған сәтте«Жетісу» футбол клубының түлегі, биыл «Елімайға» ауысып, Ұлттық құрамаға да шақырту алған, былтыр талдықорғандық команданың капитаны болған Серікжан Мұжықов «бірде-бір жергілікті ойыншы жоқ қой» деген пікірін админ (әлеуметтік желіні жүргізетін адам) өшіріп, басқалардың да жазу тетігін алып тастады. Ойын барысында тек жергілікті ойыншы Нұрбол Нұрберген мен Давид Есімбеков 81 минутта алаңға ауысып кірді. Жетісулықтар сапынан гол салған Шығыс Қазақстан футболының түлегі – Дмитрий Шмидт. Келесі ойынын «Жетісу» 8 наурызда «Ұлытау» (Ұлытау облысы) командасына қарсы өткізеді. Басын бір ұпаймен бастап, нәтиже алып жатқан Самат Смақов бапкер жергілікті ойыншыларды да ақырын-ақырын, лек-легімен шығарады деген үміттеміз. «Жетісу» мектебін көрген Мади Хасейн (биыл Астананың «Жеңіс» командасына ауысты) Ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне кірді. Одан бөлек, Серікжан Мұжықов та құрамаға қайта оралды.
Ал «Қайсарда» доп теуіп жүрген Айбар Жақсылықов, «Жеңістегі» Асхат Балтабеков еліміздің негізгі құрамасында тұрақты ойнап жүр. Былтыр «Черноморецте» ойнаған Талдықорған футболының түлегі Давид Есімбеков (осыған дейін Қазақстан жастар құрамасында капитан болды) Ұлттық құрамаға шақырту алды. Премьер-лигада жасындай жарқырап жүрген жетісулықтар – Аслан Әділ («Жеңіс», Астана), Рауан Орынбасар («Ертіс», Павлодар), Равиль Атыханов («Атырау») өз командалары үшін жақсы ойын көрсетіп жатқанына куәміз. Есімі аталған жігіттер «Жетісуда» ойнаса, жергілікті жас бүлдіршіндердің бойына үміт дәнін егіп, оны гүлдендіре алатын еді. Сең соғып, жел қозғаса да өз орнын жайшылықта босатып бермейтін жетісулықтардың бірдемде өзге командаларға ауысып кетуінің себебін толық біле алмадық. Жергілікті ойыншыларды көбейту арқылы бір өңірдің футболын дамытып, ілгері қадам жасауына жағдай туғызатын едік. Биыл құрамында кілең қазақ балалары жиналған «Қайсардың» да алғашқы ойыны көпшілікті тәнті етіп, бұл қадамы сүйсінткені анық. Иә, легионерсіз чемпионаттағы деңгей төмендейтіні анық, бірақ жергілікті ойыншыларға көп мүмкіндік беріліп, өзіне деген сенімділікті қалыптастыруына ықпал береді. Демеушілер арқылы келімсектерді көбейткен командалар тізімінде «Жетісу» да бар (7 легионер бар).
Тізімге енген жергілікті ойыншылар: Берік Шайықов, Давид Есімбеков, Нұрбол Нұрберген және жастар Әмір Мұхтар, Кирилл Овчинников. Қалғаны «Қайраттың», «Академия Оңтүстіктің», «Тараздың» түлектері.
Әйгілі transfermarkt сайты «Жетісу» футбол клубының биылғы бағасын 2,23 миллион еуро деп көрсеткен (бұл Премьер-лигадағы 14 команданың ішіндегі бюджеті жағынан 13-орында). Соңғы орында «Ұлытау» (1,70 миллион еуро) тұр. Ал ең бай команда – «Қайрат» (10,20 миллион еуро), «Астана» (9,70 миллион еуро), «Тобыл» (8,18 миллион еуро). Ал «Жетісу» сапындағы ең қымбат ойыншы – Сослан Такулов («Ақжайық», «Атырауда» ойнаған ресейлік қорғаушыны танымал сайт 300 мың еуро деп жазған). Одан кейін «Каспийден» ауысып келген қорғаушы Мақсат Тайкеновты 225 мың еуро, «Елімайдан» келген қақпашы Денис Кавлиновты (Ресей) 200 мың еуро, Максим Ковельді (Белоруссия) 175 мың еуроға бағалаған.
Кеше ғана Zakon.kz сайты «Жетісу» футбол клубының экс-директорының жауапқа тартылғанын жазды. Осындай астаң-кестең тұста басшылықты қолына алған Марк Гурманның команданы өрге сүйреуі үшін сенім артылды. Бұл тұрғыда облыс басшылығы да футбол командасына қолдау көрсетіп, қаржылық шешімдерді маусым соңына дейін реттеп беруге уәде етті. Маусым басында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылында орналасқан Батыржан Оңғаров атындағы алаңда жаттығу жүргізіп жатқан ойыншылармен жолығып, барлық жағдай жасалғандығын, тек жақсы нәтиже көрсету керектігін баса айтқан еді. Өз түлектерімізді де ұмытпай, әр ойын сайын біреуін шыңдап отырсақ та зор олжа болатын еді.
Серік Қантай