Ерлер арасында волейболдан Ұлттық лиганың үшінші тур ойындары аяқталды. Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында өткен ойындардан кейін жалпытурнирлік кестеде «Жетісу» үздік үштікті түйіндеді. Жетісулықтар жеті ойынның бесеуінде жеңіп, екеуінде жеңілді. Ал турдың үздік ойыншысы болып дигоналдан шабуылдайтын Федор Сухацкий танылды.
Турдың алғашқы күні «Жетісу» «Павлодардан» екі сет ұтылып жатып, жеңген болатын (3:2 – 16:25, 17:25, 25:16, 25:23, 15:13). Келесі күні «Таразбен» болған ойын бес сетке созылып, «Жетісу» жеңді (3:2 – 25:13, 25:27, 25:21, 12:25, 15:8). «Жетісудың» бұл турдағы екі жеңілісі, бірі «Буревестник» (1:3 – 19:25, 23:25, 25:22, 21:25), екіншісі «Атырау» (1:3 – 26:24, 18:25, 31:33, 21:25) командаларынан. Талдықорғандықтар соңғы үш ойынды («Есілді» – 3:1, «Ұшқын–Көкшетауды» 3:0, «Ақтөбені» 3:0) ұтты.
– Барша қолдап келген жанкүйерлерге алғыс білдіреміз. Ойындар тартысты өтті. О баста жоспарлағанымызды толықтай орындауға тырыстық. Турдың алғашқы және соңғы ойындарындағы атмосфера керемет болды. Биылғы маусымды үздік үштіктің қатарында аяқтағымыз келеді. Оған командамыздың шамасы жетеді, — дейді «Жетісу» волейбол клубының орталық тосқауыл қоюшысы Арлан Мұхтаров.
Енді «Жетісу» ерлер командасы төртінші турға дайындалады. Одан кейін плей-офф ойындары күтіп тұр. Марат Адыршев жаттықтыратын команда Қазақстан кубогындағы жетістігін (үшінші орын алды) чемпионатта да қайталағысы келеді.
Серік ҚАНТАЙ
Фото: instagram.com