Жетісу облысында спорт саласы кең қолдауға ие бағыттың бірі. Жыл санап жаңа нысандар бой көтеріп, спортшылар да нәтижесін жақсартып жатыр. Өткен жыл да облыс үшін табысты болды.
Жалпы облысымызда 1046 спорт нысаны жұмыс істейді (оның ішінде стадиондар, спорт сарайлары, бассейндер, теннис корттары және шаңғы базасы). Тұрғындардың спортпен еркін айналысып, кедергісіз шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Спорт зал тапшылығын жою мақсатында бірнеше жоба жоспарға қойылған. Ал биылғы мақсаттар тізімінде Текелі қаласындағы шаңғы-биатлон кешенімен ауылдық аймақтардағы спорт нысандарының құрылысы бар. Заманауи нысандар ел иглігіне былтыр да берілді. Талдықорғаннан бой көтерген еліміздегі тұңғыш волейбол базасы, одан кейін облысымызда алғаш ашылған үстел теннис орталығы бар. Ал Текелідегі спорт кешенінің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев сол кезде «Жалпы Жетісу облысы құрылғалы бері өңірде 14 спорт нысаны салынып, халықтың игілігіне ұсынылды. Әлеуметтік саланың инфрақұрылымын дамытуда блокты-модульді конструкциялар кеңінен қолданылуда. Осы оң тәжірибені біз өткен жылдан бері спорт саласында да пайдалана бастадық. Мәселен, 2023 жылы ауылдық жерлерде 4 блокты-модульді спорт кешені салынса, биыл тағы 6-ның құрылысына қаржы бөлінді. Осындай жаңа нысандар Қаратал ауданының Тастөбе ауылында, Ескелді ауданының Шымыр, Жетісу, Елтай, Кербұлақ ауданының Қызылжар, Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылдарында бой көтереді. Мұндай спорттық нысандардан халықаралық жарыстарда биік шыңдарды бағындыратын мықты спортшылар шығады деп сенемін» деген еді.
Еліміздегі тұңғыш волейбол базасы Талдықорғанда салынып, пайдалануға берілді. Жалпы орталықты салуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 217 миллион теңге бөлінді. Ал базаның қасында орналасқан волейболшыларға арналған төрт қабатты, 41 орынды тұрғын үй жеке кәсіпкер Кеңес Рақышовтың қолдауымен салынды. Волейбол орталығы – 2 309,80 мың шаршы метр, ал тұрғын үйдің ауданы – 3 005,91 мың шаршы метр. Үш қабаттан тұратын орталық (1-қабатта екі аттығу залы, екі жаттықтырушылар және екі киім ауыстыратын бөлме; 2-қабатта дәрігерлік және массаж, сауна және душ бөлмелері бар; 3-қабатта жаттығу залы және әкімшілік қызметкерлерінің кабинеті орналасқан) ұлттық лигадағы «Жетісу» және жоғарғы лигадағы «Жетісу-2» командасына арналған.
Облыс орталығында қолданысқа берілген тағы бір нысан – Үстел теннис орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Жетісуға жасаған сапарында арнайы бас сұғып, орталықты көрген болатын. Халықаралық стандарттарға сай, заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратта Үстел теннисі ойындары және спорттық туризмге мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі орналасқан. Мектеп директоры Мерей Сүйіновтің айтуынша «қазір мұнда 600-ден астам оқушы теннистен бөлек, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, қол күресі және спорттық туризм секцияларына қатысады. Олардың арасында 33 спорт шеберіне үміткер, 41 бірінші разрядты спортшы бар».
Жетісу облысының спорты үшін 2024 жыл жаңа нысандар көптеп салынған, спортшылар толайым табысқа жеткен жыл болды. Атап айтқанда, қазір Алакөл ауданының Лепсі ауылында және Текелі қаласында дене шынықтыру кешендері, Панфилов және Сарқан аудандарында спорт кешендері салынып, Талдықорғандағы Орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар шағын ауылдарда бұқаралық спортты дамыту үшін модульдік кешендер салу қолға алынды.