Қазақстан Париж Олимпиадасында 25 спорт түрінен 80 лицензия жеңіп алса, соның 5 жолдамасы жетісулықтарға тиесілі (садақ ату – 4, велоспорт – 1; алдыңғы Олимпиадада жетісулықтар 11 жолдама алған). Командалық жүйеде лицензия ескерілмейтін дзюдо күресінен +75 келіде татамиге шығатын жерлесіміз Камила Берліқашты да айрықша айтып өту керек. Ол Олимпиададағы алғашқы кездесуінде (1/16 финал) моңғол қызы Адиясурэн Амарсайханнан жеңілді.
Елімізге алғашқылардың бірі болып Олимпиада жолдамасын Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында 2-орын арқылы алған жетісулық садақшылар Ильфат Абдуллин, Александр Еременко және Дәулеткелді Жаңбырбайдан күткеніміз көп еді. Командалық сында (1/8 финал) Алесандро Паоли, Федерико Музолези, Мауро Несполидан жасақталған Италиядан 4:5 (52:59, 56:53, 55:55, 56:56 – 4:5) есебімен қосымша уақытта жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Жекелей сында да көрсеткіш көңіл көтермеді. Токио Олимпиадасында (2021) жекелей сында 1/8 финалға дейін жетіп, Цзялун Лиден (Қытай) жеңілген Ильфат Абдуллин осы жолы бірінші сында (1/32 финал) Эрик Питерстен (Канада) 4:6 (27:29, 28:28, 29:29, 29:28, 28:26) ұтылды. Одан бөлек, Александр Ерменко Батист Аддис (Франция – 2:6 – 30:27, 21:27, 24:29, 26:28), ал Дәулеткелді Жаңбырбай Хорхе Энрикестен (Колумбия – 3:7 – 28.29, 26:26, 27:28, 28:26, 27:29) алғашқы сында жеңілді. Жарыстан кейін «Жетісудың» тілшісіне Ильфат Абдуллин: «Менің екінші Олимпиадам сәтсіз аяқталды. Жалпы бұл мен үшін ұмытылмас сезім мен тәжірибе. Мен жақсы формада болғанмын, алайда ойлағанымдай болмады. Жанкүйерлердің үмітін ақтай алмағаным өкінішті. Дәл осындай қолдау барда біз келешекте жақсы нәтиже көрсетуіміз керек», – деді.
Жастар арасында әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Евгений Федоров тас жолдағы веложарыста 38:33.98 уақытында келіп, 21-орын алды. Бұл жарыста белгиялық Ремко Эвенепул (36V12.16) алдына қара салмаса, екінші болып мәрені Филиппо Ганна (Италия – 36:27.08) кесіп өтті.
Жалпы жетісулықтар Қазақстан құрамасы қатысқан сегіз Олимпиаданың бесеуінен жүлде алған.
Жетісу облысының Олимпиададағы нәтижесі |
|
Атланта Олимпиадасы |
Юрий Мельниченко (грек-рим күресі — алтын) |
Сидней Олимпиадасы |
— |
Афины Олимпиадасы |
Георгий Цурцумия (грек-рим күресі — күміс) |
Бейжің Олимпиадасы |
Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі — күміс) |
Лондон Олимпиадасы |
— (Допингке байланысты Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, |
Рио Олимпиадасы |
Карина Горичева (ауыр атлетика — қола) |
Токио Олимпиадасы |
Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло ( екеуі де ауыр ателтика -қола) |
Париж Олимпиадасы |
— |
Жалпы – 2 алтын, 3 күміс, 4 қола (жалпы 9 жүлде) |
Серік ҚАНТАЙ