Спорт мерекесі нағыз қызық кезеңіне аяқ басты. Алайда қазақ жанкүйері алаң. Алғашқы күндері алған алтын мен қос қола көңілге медеу. Әсіресе боксшыларымыздың шетінен қирай жеңілуі басқа да спорттағы көп спортшының сәтсіздігімен қатар, жығылғанға жұдырық болғаны жасырын емес. Соған сай пікір де сан қилы, шешімге байланысты көзқарас та әртүрлі.
«Жеңістің мың әкесі бар, ал жеңіліс әрқашан жетім». Олимпиада алдындағы сындарда ерекше көзге түсіп, әдісімен айрықша көрінген спортшыларымыз сын сағатта сүрінді. Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, әлем чемпионы (2023, Ташкент) Асланбек Шымбергенов (71 келі) иорданиялық Зейяд Ишаиштен, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) Айюб Гадфадан (Испания), Әлем чемпионы (2023 жылы Ташкентте 54 келіде болды) Махмұд Сабырхан (57 келі) Хосе Кильестен (Испания) алғашқы кездесулерінде жеңілді. Одан бөлек Мұхаммедсабыр Базарбай-ұлы (63 келі) бірінші кезеңде (1/16 финал) Ибаррече Кондені (Испания), 1/8 финалда Лай Чжуэнді (Тайвань) жеңіп, ширек финалда грузин Лаша Гурулиден 2:3 нәтижесімен жеңілді. Ал Айбек Оралбай (92 келі) бірінші кездесуінде Олайтн Адамды (Нигерия) айқын ұтып, ширек финалда әзербайжан Альфонсо Домингестен ұтылды. Мұхаммедсабыр Базарбайұлының кездесуіне қатысты ой екіге бөлінді. «Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктеме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда, біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева.
Ерлер арасында тұңғыш рет барлық салмаққа боксшы апарған Қазақстанның келесі үміті тек екі спортшы Сәкен Бибосынов (51 келі) пен Нұрбек Оралбай (80 келі) да ғана. Осыған дейін Олимпиада жүлдесін тұрақты алып келген боксшыларымыз үшін биыл сындарлы сәт көп болмақ.
Қыздар боксында да жаңалықтар бар. Назым Қызайбай (50 келі) 1/16 финалда Джордана Соррентиноны (Италия) 4:1 есебімен, 1/8 финалда бразилиялық Каролайн Алмейданы 5:0 нәтижесімен ұтып, ширек финалға жолдама алды. Келесі қарсыласы – Ингрит Валенсия (Колумбия). Тағы бір қазақстандық боксшы қызымыз Валентина Хальзова (75 келі) алғашқы жекпе-жегінде Атейна Билонға (Панама) жеңілді. Ал Карина Ибрагимова (57 келі) алғашқы кездесуін Эшлионн Моттамен өткізеді.
Серік ҚАНТАЙ