Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Sports24.kz сайтына сұхбат беріп, «Жетісу» қорғаушысы Дінмұхаммед Қашкенді құрамға шақыру себебін түсіндірді. Ол алдағы Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы матчтарда алаңға шығуы мүмкін.
«Федерация мықты селекциялық бөлім құрды, олар жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Бұл деректер базасы барлық футболшылар туралы ақпарат жинап, талдайды: Премьер-лигада да, Бірінші лигада да, шетелде ойнайтындар да есепке алынады. Бұл базада тек статистика мен ойын көрсеткіштері ғана емес, сондай-ақ физикалық жағдай динамикасы да тіркеледі. Бұл бізге құрамаға шақыру туралы шешім қабылдауда объективті негіз береді», — деп бөлісті маман.
Бұған дейін Дінмұхаммед Қашкеннің ұлттық құрамаға шақырылуы әлеуметтік желіде қызу талқылауға себеп болды. Қазақстан жанкүйерлерінің негізгі наразылығы – қорғаушының «Жетісу» сапындағы әлсіз ойыны еді.
Қорғаушының әкесі – Болат Бақтаев, Республикалық шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті, қара белбеу (төртінші дан) иегері екені белгілі. Көпшілік наразылық білдірушілер Қашкеннің Еуропада ойнауына және енді құрамаға шақырылуына әкесінің ықпалы әсер етті деп санайды.
2023 жылы қорғаушы танымал қазақстандық блогер Мерей Әбіловамен отбасын құрды, осыдан кейін оның әлеуметтік желілердегі танымалдығы күрт өсті. Жазылушыларының саны бірнеше есе артты.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы 10 қазан күні Астанада Лихтенштейнге қарсы қарымта кездесу өткізеді. Бірінші матчта Қазақстан 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.





