Талдықорғанда жүзуден Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты басталды. Електен өтіп ел чемпионатында төрт күн бақ сынап, жақсы нәтиже көрсеткендер – ересектер мен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысады. Бұл жарысқа еліміздің әр өңірінен бөлек Қырғызстаннан да спортшылар келді. Ал Жетісу облысынан 19 спортшы жарыс жолына шығып, күн сайын медаль алғандар тізіміне еніп отырды. Жыл санап көрсеткішін өсіріп, нәтижесін жақсартып, тәжірибесін молайтып келе жатқан жетісулық Аяжан Айнабекова: «Биыл мен үшін табысты жыл болды. Ашық суда жүзуден Қазақстан құрамасына қабылдандым. Ал кеше 200 метрге еркін жүзуден қола медальға ие болдым. Әлі де жұмыс істеу керек. Бұл нәтижелермен шектеліп қалмасым анық», – деді тілдескенімізде. Аяжанның бұл қоласы «Спорт шебері» атағын алуға мүмкіндік сыйлады.
Жарыстың алғашқы күні қыздар арасында 200 метрге еркін жүзуден Мария Федотова (2.08.85) күміс, Аяжан Айнабекова (2.09.26) қола медаль алды. Келесі күні 800 метрге еркін жүзуден Мария (9.24.58) екінші, Аяжан (9.36.69) үшінші келді. Ал 200 метрге еркін жүзуден қыздар арасындағы эстафеталық жарыста жетісулықтар Мария Федотова, Аяжан Айнабекова, Еркежан Берікбол және Саида Елемес 8:47.79 уақытта келіп, алтын алды. Бұл ел чемпионатындағы айтулы жетістік. Екінші болып Алматы қаласының (8:52.83), үшінші болып Қарағанды облысының (9.10.73) шеберлері келді. Жарыстың үшінші күні Жетісу облысының ерлер құрамасы 200 метрге еркін жүзуден қола медаль алды. Бірінші орын Алматы қаласының (7:40.16), екінші орын Шымкент қаласының (7:45.53) спортшыларына бұйырды. Мария Федотова болса үшінші күні 1500 метрге еркін жүзуден (17:58.28) ІІ орын алды. Бірінші болып Дарья Пушко (17:55.34) келді. Үшінші күні ел чемпионатындағы жаңа рекордтың куәсі болдық. Әділбек Мусин 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден 23:36 уақытында келіп, рекорд жаңартты.
Іріктелген спортшылар ел намысын әлемдік аренада қорғайтын болады. Бас төреші болып жүрген жетісулық Дәурен Ысқақов та жергілікті спортшылардың деңгейі өсіп, мықтылар санатына қосылғанына тоқталып, жетісулықтардан да ұлттық құрама сапына кіретіндер бар екенін мақтанышпен айтты. Жарыс әлі жалғасып жатыр.
Серік Қантай