Жетісу облысы, Ақтекше ауылында дәстүрлі республикалық марафон өтті. Табиғат аясында ұйымдастырылған жарысқа 400-ге жуық спортшы қатысты. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады.
Өңір-өңірден келген желаяқтар 6 шақырым және 13 шақырымдық екі бағыт бойынша сынға түсті. Спортшылар таңғы сағат 7:00-де жарыс жолына шықты.
– Шаған тау биігіне жүгіріп екінің бірі жете бермейді. Бұл күн естен кетпес қызықты сәттерге толы болды. Мұнда келіп керемет әсер алдық. Қазақта «тәні саудың, жаны сау» деген сөз бар ғой. Сондықтан отандастарымды жүгіруге, үнемі спортпен шұғылдануға шақырамын, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.
Марафонның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, экотуризмді ілгерілету және жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Сонымен қатар, зиянды әдеттерден бас тартуға үндеу, халық арасында жүгіруге деген қызығушылықты арттыру және халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындықты күшейту.
Марафон соңында мәреге жеткендерге медальдар мен дипломдар табысталды.
Медет ЖҰМАБАЙ