Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда: «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті. Өйткені білімді, еңбекқор әрі мақсатшыл азаматтар елімізді табысқа жеткізеді», – деп атап айтты. Президент айтқандай, озық ойлы ұрпақ өсіру, жастарға үлгі боларлық тарихи тұлғаларды дәріптеу аса маңызды. Биыл ұлы ғалым, ағартушы-демократ, күллі адамзат тағдырына алаңдаған ойшыл-гуманист Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл, ал қайтыс болғанына жаңа жыл санау бойынша 22 сәуірде 160 жыл толады.
Аталған даталарға орай өздеріне үлгі тұтар тұлға іздеп жүрген өскелең ұрпақ біле жүрсін деген ізгі ниетпен «Аққан жұлдыз тағылымы» атты мақала арнауды жөн көрдік. Небары 29 жыл 7 ай ғана ғұмыр кешкен Шоқан Уәлихановтың өнегелі өмірі мен қызметі, артында қалдырған аса бай ғылыми мұрасы білім мен ғылым, адал еңбек пен батылдық, отансүйгіштік пен гуманизм сияқты ең асыл қасиеттерді бойына сіңіруге ұмтылған жастарға мәңгілік шамшырақ бола алады.
Ұлы ғалым ретінде Шоқан Уәлихановтың есімі адамзат тарихында алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Шоқанның ғылыммен айналысуға небары 12-ақ жылы, яғни Омбы кадетін бітірген кезінен қайтыс болғанға дейін ғана мүмкіндігі болды (1853-1865ж.ж.). Осындай қысқа мерзімде ғылымның оннан астам түрін тұңғыш рет кәсіби деңгейде меңгеріп, жаңалық ашып, зерттеу жүргізіп, соңына 5 томдық ғылыми мұра қалдырған ешкім жоқ.
Шоқанның ең алдымен ұлы ғалым, ағартушы, адамзаттың тағдырын ойлаған гуманист болғаны туралы Потанин, Ядринцев, Гутковский, Гасфорт, Достоевский, Березин, Наумов, Бабков, Аристов, Гейнс, Остен-Сакен, Жонво, Семенов-Тян-Шанский, Берг, Веселовский, Клеменц, Бекмаханов, Әуезов, Марғұлан, Дулатов, Мұхамедханов, Бегалин, Шота Уәлиханов, Қонаев, Мұхтарұлы, Хафизова, Зиманов, Мүсірепов, Мұқанов, Бақбергенов, Сәтпаев, Ерофеева, Көмеков, Өтениязов, Бейсенбайұлы, Бірмағамбетов сияқты көптеген зиялы қауым өкілі жазды да, айтты да.
Орыс әдебиетінің классигі, ойшыл Федор Достоевскийдің 1856 жылғы 14 желтоқсанда Шоқанға жазған хатында мынадай жолдар бар: «Өз Отаныңызға ағартушы ретінде қызмет ету, орыс ортасындағы өз халқыңның жоғын жоқтаушысы болу қасиетті іс, ұлы мақсат емес пе? Сіз еуропаша толық білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді еске алыңыз. Тағдыр бұған қоса сізді тамаша адам етіп жаратты, сізге жүрек пен кеңпейілділік берді.
Мен сізді жақсы көретінім соншалық, сіз және сіздің тағдырыңыз туралы күні бойы ойланамын. Әрине, сіздің тағдырыңызды өз қиялымда жөнге түсіріп, аялай қарадым. Сол қиялдардың арасында жалғыз-ақ шындық бар. Ол шындық: сіз өз тайпаңыздан шыққан еуропалық білімді жалғыз адамсыз».
Шоқанның зерттеуші-ғалым ретінде зерттеген ғылым салаларын атасақ, оның табиғи дарыны мен ғұламалығына таңғалмасқа шара жоқ. Сурет және кескіндеу өнері, әдебиет, тарих, география, археология, архитектура, картография, топография, этнография, экология, экономика, биология, ботаника, зоология, минералогия, нумизматика, ономастика, лингвистика, аудармашылық, теология, құқықтану, музыка, қолөнер, сауда-саттық саласы сынды көптеген саладан Шоқанның ізін аңғаруға негіз бар.
Ол келтірген деректер асқан дәлділігімен ерекшеленіп, күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпаған. Бұл туралы зерттеуші ғалым Сейсен Мұхтарұлы: «Деректерді Шоқан орны-орнына қолмен қойғандай етіп шегелеп, шегендеп береді. Бір де бір мәліметін, бір де бір анықтамасын орнынан қозғай алмайсың. Егер, нақтылық дегеніміз – ғұламалық пен ұлылықтың белгісінің бірі екендігі ақиқат болса, онда оның мекен-қонысы Шоқан деректемелерінде», – дейді.
Ал Орынбор приставы Плотников өз мақаласында: «Небольсин мырза сұлтан Тәукин мен қожа Бабажановты да көп адам онша тани қоймайды дегенді айтады. Ал олар өздеріне толық назар аударуға әбден лайық адамдар… Әрине, екеуін де Петерборда өзім тікелей танысып, көңілді кештерді бірге өткізген сұлтан Шоқан Уәлихановпен салыстыруға болмайды. Оның қабілеттілігіне олар түгілі, біз Небольсин екеуміз де тең келмеспіз. Шоқан Шыңғысұлы әзірше қазақ арасындағы жалғыз феномен, біздің Орынбор даласында ондай құбылыс әлі көп күттіретін шығар», – деп қазақ саяхатшысына ерекше жоғары баға берді.
Ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов: «Шоқан – табиғи дарынды, кең ақылды кемеңгер, теңіздей терең ойлы, заманындағы озық пікірлі, алдыңғы қатардағы қайраткер, өз халқын жан-тәнімен шексіз сүйген, бүкіл саналы өмірін, өнер-білімін, бойындағы бар асыл қасиетін туған еліне адал еңбек етуге арнаған патриот. Ол елінің еңсесін басқан ескі салт-санаға, әдет-ғұрыпқа, әлеуметтік теңсіздікке, зорлық-зомбылыққа, надандыққа зығырданы қайнап қарсы шықты. Ол орыс пен қазақ халқының, сол сияқты Россия империясының езгісінде отырған барлық ұлттың бостандығын, береке-бірлігін көксеген, халықтар достығының жалынды жаршысы болды.
ХІХ ғасырда Шоқандай сегіз қырлы ғалым, аса қабілетті, үлкен мәдениет қайраткері бүкіл Орта Азияда аз еді дей аламыз. Орыстың ұлы революцияшыл-демократтарының органы «Современник» журналы 1864 жылы 6 санында: «Ш.Уәлихановтың қабілеттілігі мен жетістігі және жігерлілігі сонша, Сібірде тұратын халықтар арасында бұрын-соңды ондай адам болған емес», – деп жазды.
Шоқан – биік жанды, қызу қанды, кіршіксіз ақ көңілді, жарқын жүзді, ер жүректі, жалтаңы жоқ турашыл, әділ, адал азамат. Ол – қазақ халқының ұлттық мақтанышы, орыс халқының айнымас досы, адамзат баласын алаламайтын ізгі көңілді, кеңпейілді сабаз, адамгершілігі зор нағыз гуманист», – деп баға береді.
Ал Шоқанның бала күнінен бірге өскен досы Г. Потанин болса «Если бы Чокан имел в киргизском народе читающию среду, он мог бы стать гением своего народа и положить начало литературному возрождению своих единоплеменников», – деп толғанған.
«Ұзақ өмір не берер, көрген, білген, болмаса?» – деп Абай айтқандай, Шоқан аса аз жасаса да көпті көріп, көп нәрсені біліп өтті. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихы мен географиясына арналған ғылыми-зерттеу еңбектері, саяси-әлеуметтік тақырыпқа жазған көптеген шығармалары – Шоқанның жан-жақты терең білімді, кең ақылды, ұшқыр қиялды аса ірі ғалым болғанын танытады. Шоқан әрі әдебиетші, публицист, көркем сөздің зергері, дарынды қайраткер және қазақ халқынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші.
Шоқан өзін «Қазақтардың ататегі», «Шона батыр», «Қазақтардың көшіп қонуы», «Сібір қазақтарының сот реформасы жайында», «Даладағы мұсылмандық», «Шаманизм сарқыншақтары» сияқты еңбектерінде қаналған халықтың мүддесін қорғаушы, ағартушы-демократ ретінде танылады. Мысалы, сол кездегі патша үкіметі жүргізген сот реформасының халыққа жат сипатын ашып, қалың бұқара емес, тек ат төбеліндей байлар мен билердің мүддесі үшін жасалып отырғанын ашық айтты. Сөйтіп, Шоқан тап туралы қазақ тарихында алғаш айтқан қоғам қайраткері есептеледі.
Ш. Уәлиханов этнограф әрі шығыстанушы ғалым ретінде қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, ноғай, дүнген, моңғол, қалмақ, қытай халықтарына қатысты деректерді терең зерттеген. Олардың тарихын, шығу тегін, мәдениетін, тұрмысын, киім-кешегін, шаш қою үлгісін, қол өнерін, әскери әлеуетін, қару-жарағын суреттерін сала отырып, ғылыми түрде талдаған тұңғыш этнограф.
«Жоңғария очерктері» атты атақты еңбегінде қазақ пен қырғыз халықтарының айырмашылығын ғылыми тұрғыда талдады. Оларды өзіне дейін шатастырып жүрген Гумбольдт, Риттер сияқты ғалымдардың қателіктерін, яғни үйсіндер мен қырғыздар бір халық деп жазғандары шындыққа сәйкес еместігін дәлелдеді. «Жоңғария очерктері» еңбегінде мынадай маңызды ғылыми тұжырым жариялады: «Мен буруттар мен үйсіндерге [қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтары] қатысты этногафиялық жазбаларымды аяқтай отырып, бұл екеуі мүлде басқа халықтар, бір-бірімен шатастырмау керек екенін ескеру қажет деп санаймын… Тіпті Гумбольдт пен Риттер де істің мән-жайын дұрыс ұқпады, олар, буруттардың өздері Ұлы қайсақ жүзін құрайды деп, және орданы Кіші және Орта жүзден айыру керек деп санады. Бұл құрметті ғалым ағалардың үлкен қателігі болды. Қырғыз-қайсақтардың Ұлы, Орта және Кіші жүздері «қазақ» атты бір халықты құрайды, оларды қытайлықтар «буруттар» деп, ал орыстар «қара» (дикокаменные) деп атаған қырғыздардан басқа халық. Бұл екі халықтың тілі де, шығу тегі де, салт-дәстүрі де бөлек».
Осылайша, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов ғылымда алғаш рет 1925 жылға дейін шығыстану ғылымында қолданылмаған қазақ халқының тарихи атауын қолданды.
Ол өмірінің соңына дейін бұқара халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, қолынан келгенше жағдайын жақсартуға тырысты.
Ш. Уәлихановтың «Балқаш пен Алакөл ертеректе бір-бірімен байланысып, біртұтас су алабын құраған» деген пікірін қазіргі зерттеулер толық қуаттайды. Шоқан ХІХ ғасырда мұндай пікір білдірген тұңғыш географ-ғалым.
«Жүз жылдар бойы Ш.Уәлихановтың әдеби мұраларының зерттелмей келуінің салдарынан қазақ әдебиетінің бұл асыл шығармалары күні бүгінге дейін бізге мәлім болмай келді. Енді бүгінде осылардың бәрі белгілі боп отырғанда, Уәлихановты тек ойшыл-ғалым ғана емес, қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі деп мойындау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр», – дейді Әлкей Марғұлан. Шындығында, Шоқанды жазушы-прозаик деп атауға негіз болатын әйгілі «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Құлжа өлкесі жайлы очерк», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа», «Қырғыздар жайлы жазба» сияқты еңбектері. Осы орайда қазақ жастарына үлгі болар қайталанбас тұлғаның 190 жылдық мерейтойы аясында ғылыми-практикалық конференциялар, «Шоқан ізімен» атты тарихи-танымдық экспедициялар, Шоқан оқулары, жас ғалымдар мен суретшілер арасында байқаулар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, «Шоқандай перзенті бар менің халқым да бақытты, осындай ұлан-ғайыр даланы еркін жайлаған халқы бар Шоқан да бақытты. Сол Шоқандарымыз көп болса, қане!», – деп Дінмұхамед Қонаев жазғандай, бақытты ұрпақ ретінде ұлы тұлғаны ұлықтауымыз қажет.
Бағдат Ақылбеков,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, шоқантанушы