Батыр атамызды болашақ ұрпақ көріп, ерлігін өз аузынан естісе деген ниетпен «Кәтия апа» бөбекжай-балабақша тобының бүлдіршіндері ардагер атамыздың үйіне бардық. Балдырғандар атамыздың соғыс жайлы әңгімесін тыңдап, естелік суретке түсіп қайтты.
1924 жылы Көлбай ауылында дүниеге келген Ысқақ Әбілпейісұлы 18 жасында соғысқа өз еркімен аттанып, Украина майданы және Амур флотының зенитшілер дивизиясында ұрысқа кірген. Атқыштар дивизиясында зенитші-пулеметші бола жүріп, Еуропа елдерін фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, 1943-45 жылдар аралығында Тынық мұхитына ауысады. Әскери қызметке деген адалдығы үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болған. Кейін Кеңес-Жапон соғысына қатысып, 1947 жылы елге оралады. Елге келген соң Лепсі педагогикалық училищесін бітіріп, 40 жылға жуық ұстаздық еткен Ысқақ Әбілпейісұлы ІІ дәрежелі Отан соғысы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және «Жуков» медалімен марапатталған.
Отан үшін оқтан қаймықпаған жандардың жанқиярлық ісі бәрімізге өшпес өнеге. Ол ұрыс даласында ерлік көрсетіп қана қоймай, ауылға келіп болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатты. Елі мен жері үшін сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан ардагерлерге құрмет көрсету – жас ұрпаққа міндет. Сондықтан, күллі Алаш жұрты оның ерлік істері мен өнегесін мақтан етеді.
Бақытгүл АБДРАХМАНОВА
«Кәтия апа» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі