Ел қорғау ежелден ерлердің ісі. Сондықтан туған топырағына жасанып тиген жаудан сақтау жолында Отан үшін отқа түскендердің қатары да мол. Соғыс жылдары кеудесін жалынға төсеген сол батырлар бейбіт күнде елдің өркениетін өсіріп, берекесін арттыру жолында талмай еңбек етті. Сондай ерлік пен адал қызметтің жарқын үлгісін көрсеткен Шалбай Райымбековтың саналы ғұмыры мағынаға толы.
Шалбай Райымбеков 1921 жылдың 22 ақпанында Қаратал ауданына қарасты Майлыбай ауылында туып, елге сыйлы ұста әрі зергер Райымбек Тұрлымбетовтың отбасында тәрбиеленді. Үлкен, тату шаңырақта тоғыз бала, 5 ұл мен 4 қыз өсті. Солардың қатарында Шалбай еңбекқорлығы, адалдығы және үлкендерге деген ерекше құрметімен көзге түсті. Бұл қасиеттер оның бүкіл өмірінің берік іргетасына айналды. 1939 жылы мектепті аяқтаған соң, Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Новосибирск қаласындағы 387-ші жеке байланыс батальонының полк мектебінде әскери дайындықтан өтті. Жас сарбаз ретінде тәртібі, табандылығы және әскери машықтарға бейімділігімен танылды.
Алайда бейбіт әскери қызмет ұзаққа созылмады. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Шалбай Райымбеков майданға аттанды. Алғы шепке теміржол арқылы өтіп бара жатқанда ағасы Шаймерденмен кездесіп қалады. Екі ағайынды қатар майданға аттанып, Отан қорғауға иық тірестіре кіріседі. Бұл кездесу олардың өміріндегі тағдырлы сәттердің бірі болды.
Шалбай Райымбековтың жауынгерлік жолы Солтүстік-Батыс майданынан басталады. Ол 801-ші атқыштар дивизиясы, 53-армия құрамында Старая Русса маңындағы шайқастарға қатысты. 1941 жылдың күзінде Вышний Волочёк қаласындағы әскери училищеге жіберіліп, оны сәтті аяқтағаннан кейін лейтенант шенін алады. Содан соң 35-ші атқыштар дивизиясының барлау ротасының командирі болып тағайындалады.
1943 жылдың күзі оның әскери қызметіндегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Ивановка ауылы маңында дивизия 10 күн бойы қарсылас қорғанысын бұза алмай, үлкен шығынға ұшырады. Осы сәтте шешуші барлау операциясы лейтенант Райымбеков басқарған ротаның мойнына жүктелді.
Қиын жағдайда батпақты жер, күзгі жауын-шашын мен қарсылас шоғырланған биіктерге қарамастан Шалбай Райымбеков бастаған он бес жауынгер түнде миналанған аумақтан жасырын өтіп, Харьков – Орел тасжолының бойында тосқауыл ұйымдастырады. Олар фашистік керуенге тұтқиылдан шабуыл жасап, бір офицер мен үш солдатты тұтқынға алады. Тұтқындардан алынған маңызды мәліметтер алдын ала шаралар қабылдауға мүмкіндік беріп, жау шабуылын дер кезінде тоқтатуға сеп болды.
Сол топ кейін тағы бір батыл операцияға қатысып, қарсылас артиллериясы мен пулемет нүктелерін анықтап, түнгі шабуыл арқылы фашистерді қоршауға түскендей әсер қалдырады. Жау шегініп, әскер үлкен шығыннан аман қалады. Осы ерлігі үшін Шалбай Райымбеков майданда ерлік пен шебер басшылық көрсеткен командирлерге табысталатын Александр Невский орденімен марапатталады.
1945 жылдың желтоқсанында Жеңістен кейін әскер қатарынан босап, Ескелді (Қарабұлақ) аудандық әскери комиссариатында әскери есеп бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. Бұл жұмыста да талапшыл, жауапты әрі әділ басшы ретінде танылды. Осыдан кейінгі жылдары Ескелді (Қарабұлақ) аудандық атқару комитетінің сауда бөлімін басқарды. Свердлов қаласындағы милиция мектебін бітірді. Кейін Талдықорған, Панфилов және Үшарал қалаларында мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарында жауапты қызметтер атқарды. Сонымен қатар, Алматыдағы сауда техникумын сырттай оқып, жоғары білім алды.
1960 жылы Достық стансысындағы ОРС-тің бастығы болып тағайындалды. Кейін Алакөл аудандық тұтыну қоғамының төрағасы, нан зауытының директоры, Көксу (Киров) аудандық Тұтынушылар одағының төрағасы, тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры қызметтерін атқарды. 1981 жылы зейнетке шыққан соң да еңбек жолын жалғастырып, орталық базардың директоры болып жұмыс істеді.
Көпжылдық адал қызметі мен халыққа деген жанашырлығы үшін бірнеше рет Талдықорған, Алакөл және Көксу (Киров) аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланған Шалбай Райымбеков адалдығымен, еңбекқорлығымен халық арасында зор құрметке ие болды. Соғыстағы ерлігі мен бейбіт күндегі адал қызметі ақталып, Александр Невский, I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдерімен, барлығы 18-ден астам орден-медальмен марапатталды.
1947 жылы Шалбай Райымбеков Зылиха Ертұрғановамен шаңырақ көтеріп, 48 жыл тату-тәтті өмір сүрді. Алты бала тәрбиелеп өсірді, олардың барлығы жоғары білім алып, елге адал қызмет етуде. Зайыбы 2001 жылы дүниеден өтті. Отбасында адалдық, еңбекке құрмет, азаматтық борыш пен Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды құндылықтар орнықты. Бүгінде Шалбай Райымбеков әулеті мәуелі бәйтерекке айналды. 16 немере мен 35 шөбере өскен шаңырақтың шаттығы шалқуда.
1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына орай Шалбай Райымбеков Жоғарғы Бас қолбасшының шақыруымен Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысып қайтты. Бұл оның өміріндегі үлкен мәртебе еді. Алайда қатты толқу салдарынан денсаулығы күрт нашарлап, сол жылдың 5 сәуірінде кенеттен дүниеден өтіп, Талдықорған қаласына жерленді.
2014 жылы облыстық мәслихаттың шешімімен Талдықорған қаласындағы көшелердің біріне оның есімі берілді. 2025 жылғы 22 ақпанда Шалбай Райымбековтың туғанына 104 жыл толар еді. Бірақ батырдың артында ұлы мұраты мен аңызға толы ерлік істері, елдің іргесін бекіту жолындағы жанқиярлық еңбегі қалды. Бұл өскелең ұрпақтың елжандылығын серпілту жолында үлкен сабақ болатындығы анық.
Қажет АНДАС