Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай Жетісу облысының ардагері Ысқақ Әбілпейісұлына арналған жасанды интеллект көмегімен жасалған кітаптың таныстырылымы өтті.
Талдықорған қаласында «Жетісу Жастары» ұйымының бастамасымен Жетісу өңірінің ардагеріне арналған ерекше форматтағы жоба — жасанды интеллект көмегімен жасалған естелік кітаптың таныстырылымы өтті. Іс-шара Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Кітапта соғыс ардагерінің өмір жолы мен ерлігі баяндалады. Ерекшелігі — тарихи деректер мен визуалды материалдарды өңдеуде жасанды интеллект технологиясы қолданылып, ардагер бейнесі көркемдік тұрғыда жеткізілген.
Шара барысында Жетісу облысы Жастар ресурстық орталығының өкілі Еркебұлан Жахан сөз сөйледі. Оның айтуынша: «Бүгінгі кездесудің ерекше маңызын атап өткім келеді. Біз сіздерге Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған, Жетісу облысының ардагерлеріне арнап әзірленген естелік кітапты таныстырып отырмыз. Бұл жай ғана кітап емес – бұл өткен мен болашақты жалғайтын тарих пен технологияның тоғысы. Кітаптың басты ерекшелігі – жасанды интеллект көмегімен жасалғаны. ИИ арқылы біз ардагерлердің өмір жолын тек жазып қана қоймай, көркем түрде жеткізуге мүмкіндік алдық. Бұл жобаның тағы бір мақсаты – жастарға жасанды интеллектті дұрыс және креативті бағытта қолдануға болатындығын көрсету.
Бұл кітап – біздің ардагерлерге деген ризашылығымыздың, ал ИИ арқылы жасалған формасы – болашаққа деген сеніміміздің белгісі», – деп атап өтті Еркебұлан Жахан.