Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл. Жеңіс бізге ата-бабаларымыздың аққан қаны мен жанқиярлық төккен терімен келді. Елдің басына түскен сын сағатта майданға аттанғандардың арасында менің әкем Найманхан Мұқашев та бар. Осыған орай 18 жасында соғысқа кетіп, Отан қорғау жолында от пен оқтың ортасында жүріп, ел мен жерді азат ету үшін жаумен күрескен әкем жайлы жазуды жөн көрдім.
Асқар тау әкеге деген құрмет, сағыныш бүгін қолыма қалам алғызды. Сарғайған сағыныш жанымызды ауыртып көңіліміз мұңға, көзіміз жасқа толады. Әкем майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін бірнеше рет орден-медальдармен марапатталған. Ауылына, ағайын-туғанына сыйлы, жанашыр жан, елдің азаматы, аяулы жар, асыл әке, үлкен жүректі сүйікті ұл бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығында арқа-жарқа қуанышты көрместен 53 жасында 1976 жылы 19 наурызда дүниеден өтті. Соғыс салған жарасынан (желкесінде оқтың жарықшағы бар еді) өмірі қысқа болды. Әкем соғыс туралы көп есіне алғысы келмейтін, ойға батып, күрсініп, қиналғанын байқаушы едім.
Әкеміз қан майданда жүргенде анамыз Қайынжамал Нұрсатқызы тылда еңбек етіп, соқамен жер жыртып, трактор тізгіндеп, ауылдастарымен бірге майдандағы азаматтарға шамалары жеткенше көмектесті. Әкем соғыстан оралған соң Андреев (қазіргі Алакөл) ауданы, Фурманов (Үшқайың) орта мектебінде
физика-математика пәнінен сабақ беріп, оқу-ісі меңгерушісі қызметін атқарды. Әкем өте әділ, ұстамды, сабырлы, жүрегі кең, мейірбан адам еді. Үнемі айналасындағы бала-шаға, ағайын-туыс пен дос-жаран алдында үлкен жауапкершілікті сезінетін жан болды. Қиналғанға қол ұшын беріп, көмектесіп отыратын. Бізге адамгершілік пен жауапкершіліктің әрқашан биік тұратынын, ардың тазалығын ұғындырып, айналадағы адамдарды құрметтей білуді бойымызға сіңірді. Үлкеннің жолын кеспеуді, өзгеге қиянат жасамауды, кешірімді болуды үйретті. Әке салған сара жол өмірімізде дұрыс бағыт сілтеп отырды. Бізді үнемі бақылап тұратындай сезіледі. Барлық баласы жоғары білім алып, әр салада қызмет атқардық. Әкем туралы қанша жазсамда аздық етеді…
Дана халқымызда «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін», деген тәмсіл бар. Осы орайда әкемнің жан жолдасы соғыс ардагері Сүлеймен Данабеков аға туралы жылы лебіз айту парызым деп білемін. Ол кісі көп жыл Қарлығаш орталау мектебінде мектеп директоры қызметін атқарды. Сол мектепте алғаш ұстаздық еңбек жолымды бастадым. Шапағаты мол, білімді, білікті басшы Сүлеймен аға маған көп қамқорлық көрсетті. Ол кісі маған «жақсының көзі, алтынның сынығысың, менің қызымсың» деп айтып отырушы еді. «Түсі жылыдан түңілме» деген бабалар өсиеті үнемі жадымда тұрады. Жақын мен алысты бірдей көрген сол бір парасатты жанды әкеммен бірге ыстық ықыласпен, жылы естелікпен есіме аламын.
Жеңістің 80 жылдығында өз елінің бостандығын қорғаған ардагерлер барлық құрметке, қошеметке лайық. Бүгінгі бақытты заманда өмір сүруіміздің өзі сол бір асыл жандардың арқасы. Соғыс ардагерлері нағашы ағатайым Биғали Оспанов, әкем Найманхан Мұқашев, жан жолдастары Сүлеймен Данабеков, Досымбек Нұрбосынов, Зауренбек Сіргебаев, Сахмет Жантубин, Базарбай Қошқаров ағалардай ардагерлердің рухына тағзым етіп, бас иемін. Ұрпақтарына жарқын, салтанатты келешек тілеймін.
Айтбала Мұқашева,
білім беру ісінің озық қызметкері, зейнеткер
Фото: znanija.com