Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осыған байланысты Жетісу облысында 30 іс-шара өткізу жоспарда. Соның бірі Қаратал ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі орталықта өтті.
«Жомарт жан» қайырымдылық акциясы аясында аймақтағы бірнеше аудан қалада өткізілген бұл бастамаға Талдықорғандағы Достық үйі «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекекемесі мен облыстық «Жетісу іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған. Осы орайда Қаратал ауданындағы тәрбие алушы балалар ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетсе, шараны ұйымдастырушылар балаларға бағалы сыйлықтар табыстап, концеттік бағдарлама ұсынды.
Бүгінде аталған орталықта 23 адам еңбек етіп, ерекше күтімдегі 60 балаға медициналық, психологиялық, массаж, емдік дене шынықтыру және еңбекке баулу сынды 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау көпке ортақ. Мамандардың айтуынша, аталған орталық балалармен қатар олардың ата-аналарымен де тығыз байланыста. Қазір балалардың ой-өресінің дамуы өте жоғары деңгейде.
– Біз 2016 жылдан бері осындағы сал ауруы, аутизм мен басқа мүгедектігі бар 300-ден астам жарымжан балаларды оңалтуға барымызды салып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Мұндағы балалардың түрлі байқауларға қатысып, топ жарып жеңімпаз атануы да соның айғағы. Мекеме 1 мен 18 жас аралығындағы мүгеде балаларға арналған, заман талабына сай оңалту және ойын құралдарымен толық жабдықталған. Бұл жасөспірімдердің ем алуына, оңалуына мол мүмкіндік беруде ,– дейді орталық басшысы.
Айдын КӘЛІМХАН