Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ дауысы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын, – деген әнді тыңдағанымыз болмаса, соғыстың өзін көрмедік. Бірақ, сонау балаң кезден тілегіміз бейбітшілік пен тұрақтылықтан айырылып қалмай, тыныштықпен өмір сүру болды. Бүгінгі ұрпаққа да тілегіміз осы. Біз соғысты көрмедік, алайда зардабына куәміз. Соғысқа қатысқан жауынгерлерді, жастық шақтарын қиындықтың құрсауында өткізгендерді ешқашан да ұмытпаймыз. Алапат соғыстың орны толмас зардабы мен қайғы-қасіретін ешкім еш уақытта ұмытпауы тиіс. Адамзат баласына зардап тигізген соғысқа қатысып, жеңіске жеткен және осы жолда өмірін құрбан еткен асыл азаматтарды еске алып, құрмет көрсету қасиетті борыш, қастерлі міндет.
Бейбітшілік үшін жанкешті ерлік етіп, бар-жоғы 17 жасында зұлымдыққа қарсы айқасқан тұлғалардың бірі – атамыз Рақым Байжидебеков. Соғыс біткеннен кейін де ел еңсесін тіктеуге атсалысып, мағыналы ғұмыр кешкен атамыз биыл көзі тірі болғанда Жеңістің 80 жылдығына куә болар еді.
Рақым Байжидебеков 1941 жылы 17 жасында майдан даласына аттаныпты. Қиянкескі соғыста Украинаны, Беларуссияны, Польшаны фашистерден азат ету шайқастарына қатысып, Берлинге дейін жетіпті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Ұлы Жеңіс жайлы қуанышты хабарды Берлинде естіпті. Қан майданда шыбын жанын шүберекке түйіп, ұрпағының арайлы таңда оянып, мамыражай күн кешуі үшін айқасқан атамыздың ерлігі мен батырлығы да ескерусіз қалмады. Кеудесінде «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Отан соғысының 20, 30, 40, 50 жылдық мерейтойлық медальдарын, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін және «62-ші гвардиялық армияның ардагері» төсбелгісін жарқыратты. Жеңіс күні айшықталғанмен, атамыз Рақым Байжидебеков бірден елге оралмады. Майдан болған жерлерде әскери ахуалды қалыпқа келтіріп, 1946 жылы ғана елге оралады. Бейбіт заман орнаған соң анамыз Нұрмәнумен шаңырақ көтеріп, дүниеге 8 бала әкелді. Ұл-қызын мұратына жеткізу мақсатында ғұмыр сапары тамамдалғанша «Энергия» ұжымшарында еңбек етті. Досқа, туысқа сыйлы әкеміз ұрпағын саламатты өмір сүруге тәрбиеледі.
Сол соғысқа атамыз Жұмағали Жүсіпов те 1941 жылы аттаныпты. Дейтұрғанмен, 1942 жылы желтоқсанынан хабар-ошарсыз кетіпті. Атамыздың есімі Сарқан ауданы, Алмалы ауылындағы соғыс құрбандарына арналған ескерткішке қашалып жазылған.
Ел басына күн туған шақта қолына қару алып Отанымызды қорғаған аталарымыздың жарқын бейнесі біздің ғана емес, елдің есінде мәңгі қалады. Өйткені олар бейбітшілік үшін, келер ұрпақтың алаңсыз тірлігі үшін жеңіске жетті.
И. ЮСУПОВ
Сарқан ауданы
Фото: jaraina.kz