Аймақ басшысы алдымен 101 жастағы соғыс ардагері Ысқақ Құсайыновтың үйіне барды. Майдангер 1924 жылы 14 қаңтарда Алакөл ауданы Көлбай ауылында дүниеге келген. 18 жасында өзі сұранып майдан даласына аттанған Ысқақ Әбілпейісұлы 1942 жылы Украина майданында атқыш пулеметші болады. 1943 жылы Тынық мұхитындағы Амур әскери-теңіз флотына атқыштар дивизиясына жіберіледі. Сол жерде кемеде командор міндетін атқарады. 1945 жылы Жапон Совет соғысында кемеде зенитчик болып жүрген кезінде жаудың бір самолетын атып құлатқан. Сол үшін 1946 жылы «Сынь Казахстана» деген атпен мергендігімен көзге түскен ардагер жайлы мақала шығыпты. Бүгінде Чита қаласындағы Тынық мұхиты Амур әскери-теңіз флоты мұражайында Ысқақ Әбілпейісұлының отбасымен түскен суреттері және ерлік істері туралы жазылған мақалалары орналасқан. Еңбек Қызыл Ту, II дәрежелі Отан соғысы ордендерін кеудесіне таққан майдангер соғыстан кейін ауылы – алтын бесігін өркендету үшін білім беру саласында жемісті еңбек еткен. Ардагердің зайыбы Бақыш Нұратаева да мұғалім болған. Әке жолын қуған қызы мен немересі білім саласында еңбек етеді. Ақсақал бүгінде 2 қыздан 9 немере, 26 шөбере, 4 немене сүйіп отыр.
Осыдан кейін зұлмат соғыстың зардабын көрген Төлеубай Шектібаевты құттықтады. Майданға 18 жасында аттанған сарбаз Мажарстандағы Балатон өзеніне дейін неміс басқыншыларынан азат ету ұрысына қатысқан. 1945 жылы 83-ші атқыштар дивизиясының құрамында Жапон әскеріне қарсы соққы беріп, Харбин қаласын азат етушілер қатарында болған. I дәрежелі Отан соғысы ордені және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Бүгінде абыз ақсақал 7 баласынан 12 немере, 11 шөбере сүйіп отыр.
Шара соңында соғыс ардагері ізгі тілегін білдіріп, өскелең ұрпаққа ақ батасын берді.
Айдар ҚАЛИЕВ