Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қаратал аудандық аналар кеңесінің мұрындық болуымен «Ынтымағы жарасқан Қаратал» атты кеш өтті. Аталмыш шара Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Жиынға қатысушылар әуелі Ескелді ата кесенесіне ат басын бұрып, баба рухына Құран бағыштады. Одан соң Ескелді би ауылына табан тіреп, аудан жасөспірімдері арасында өтіп жатқан спорттық сайыстың куәгері болды. Ауылдағы Мәдениет үйіндегі этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған көрмені, аудан өнерпаздары ән мен күйге көмкерген концерттік бағдарламаны тамашалады.
Жиында сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ директоры Еркебұлан Ақболатов шараның мән-маңызына және Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі миссиясына тоқталды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы – еліміз үшін ерекше оқиға, ол түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністік, құрмет және бірлік принциптері бойынша әрекет етуіне негіз болды. Ұйымның мақсаты – халықтар арасындағы достықты нығайту, ұлт пен ұлыстың мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтау, дамытуға жағдай жасау. Қаратал ауданы да Қазақстан халқы Ассамблеясының идеяларын кеңінен насихаттап келеді. Бұл іс-шара – ынтымақтастық пен достықтың, бірліктің ең жоғарғы құндылық екенін тағы бір мәрте есімізге салады. Қаратал өңірінде көпэтностық мәдениет қалыптасқан. Бұл жердің тұрғындары әртүрлі ұлттан құралса да бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруде, ортақ мақсат жолында бірігуде. Біз осы игі дәстүрді сақтап, келешек ұрпаққа жол көрсетуіміз керек, – деді мекеме басшысы.
Көңіл серпілткен ән-күй кешінде Е. Ақболатов достық туын нығырлай еңбек етіп жүрген бірқатар аудан азаматын «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» ММ-нің басшысы атынан марапаттады. Мұнан кейін шараға қатысушылар Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану мұражайымен танысты.
Дастанбек САДЫҚ
Қаратал ауданы