Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» романында «Торытөбел және ат оқиғасы» деген бөлім бар. Онда қала ішінде жүріп-тұруға дивизия штабындағы аттардың бірі «торытөбелді» мініп жүрген Бауыржан Момышұлының батальонды қабылдап алу үшін Алматыдан Талғарға баратын тұсы баяндалады. Таңмен таласа тұрып, атқа «испан қадамын» жасатып жүрген Бауыржанды байқап, сөзге тартып, артынша жауаптарына қанағаттанғаннан жылқыны сыйлап жіберген генерал Панфиловтың ризашылығы суреттеледі. Ал Бауыржан Момышұлының майдан даласында ақбоз атымен атой салып, сан қоршаудан, қиындықтан аман қалғандығы бүгінде аңыз іспеттес. Бұл жөнінде батыр өз естеліктерінің бірінде: «Өзінің оққағары бар ма, әйтеуір талай оқ пен оттың арасынан мені аман-сау алып шығып жүрді, жануарым. Жасынан көкпаршы, додапаз қазақ баптаған ат болуы керек, өн бойында кәдімгі үйретілген әскери атқа тән мініскерлік, жүріс-тұрыс тәсілдері көп болатын. Мен кейде оның үстінен түсіп, сапта тұрған полкты жаяу аралағанда ол соңымнан еріп отыратын. Жүрсем –жүретін, тұрсам – тұратын. Дауысым қаттырақ шықса, ол мені тұмсығымен түрткілейтін. Айқай шықса болды, бір орнында тұрмай, ауыздықпен алысып тарпынатын. Қалыңға кірсе, құлағын жымитып алып, атылған оқтай зу етіп өте шығатын. Қашсам, кәдімгі сұр көжектей зытатын. Қусам, алдындағы қараға жетпей қоймайтын. Небір шайқастан аман шығып жүрген сол ақбозымнан Холм қаласы маңындағы қырғын шайқаста айырылдым…», – деп жазады. Осыдан-ақ соғыстағы аттың рөлін бағамдай берсек болады. Ердің елдік жолындағы ісіне айтарлықтай үлес қосып, сенімді серігі бола білген танымал тұлпарлар көп.
Електен өткен шымыр да төзімді аттар майдан даласында артиллерияны сүйреу, жүк тасу, байланыс жеткізу және әскери кавалерия құрамында қолданылды. Ал көбісінің майдан даласынан оралмағанына негізгі себеп – ұрыс алаңында жүру; артиллерия, миномет, авиация шабуылдарына тікелей ұшырауы және қатты аязда жылқылардың жаппай үсуі, одан қалды жемшөп табу қиынға соқты, шамадан тыс жүктерге жегілді, ветеринарлық көмек жетіспеді және кей сәтте майдандағылар сойып жеуге мәжбүр болды. Ал елге оралғандары жөнінде нақты статистикалық мәлімет әзірге жоқ. Кеңес әскері жеңіске жетіп 1945 жылы Жеңіс парады ұйымдастырылғанда маршал Георгий Жуков «Кумир» атты ақбоз атпен көпшілік алдына шықты. Сол образы арқылы кейінгілер есінде жатталды. Жалпы ақбоз ат жөнінде батыр Бауыржан бабамыз «Ақбоз атпен жауға шапқан командир жеңіске жетпей қоймайды. Естеріңізде ме, Суворов ақбоз атпен Альпі шыңынан асқан, Кутузов боз атпен француздарды Парижге дейін қуып барған, Чапаев боз айғырмен Колчактың қарақұрым қолына қырғидай тиген» дейді.
Тылда тынбай, майданда от пен оқ арасында жүрген жылқылар жөнінде аз айтылып, кем жазылған жоқ. Талай жазушының қаламына арқау бола білді. Мәселен, Қабдеш Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» повесіндегі «Қозыкүрең» әңгімесі. Ол жерде Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жылқышыларының майданға ат жеткізу жолындағы қиындықтары мен ерліктері баяндалады. Одан бөлек, Ахмет Тоқтабай, Бекен Қайратұлы сынды ізденімпаздар да талай материалды жарыққа шығарды. Бүгінде Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан ақын Алпамыс Файзолла «Қозыкүреңді» мысалға ала отырып елге-жерге деген махаббатын, оның ерлігін айрықша атап өтті. Майдан даласынан қашып, туған жерге келіп жантәсілім етіп, оны Саяқбайдың арулап жерлеуі айрықша оқиға. Ал Бекен Қайратұлы болса Федоссевичтің соғыстағы серігі болған қазақ даласынан барған «Қаракер» туралы естелігін алдымызға жайып салды. Жауынгердің естелігінде «Соғыс аяқталғанға дейін Қарагердің арқасында барлаушылардың қасқа маңдайында жүретін болдым. Уақыт өте келе менің «Есек мінген Дон Кихот» атым өшіп, басқалар «Сиқырлы ат мінген Илья Муромец» дейтін болды. Солдаттар қақаған қыста мініс аттарына шөп іздеп қиналса, Қарагерім қасат қарды тұяғымен тарпиды да астындағы шөпті үңгіп жеп алады. Сөйтіп қарагер менің ең жақын майдандас серігіме айналды. Талай рет өлімнен құтқарды. Соғыс аяқталған соң оны Мәскеу маңындағы жылқы шаруашылығына өткіздім. Сондағы менің еңірегенімді көрсеңіз ғой, жарықтық Қарагер де жылап тұрды. Естелік болсын деген ниетпен жалынан бес тал қыл жұлып алдым да, кете бердім…» дейді.
Қазақ халқы майдан даласына жылқы жіберіп қана қоймай, бір тұқымның сақталып қалуына тікелей себепші болды. 1941-1943 жылдары Терск ат зауытының жылқылары түгелдей Қазақстанға көшірілді. Жазда жайылымда, қыста тебінде бағып, күтілді. Бастапқыда біздің елдің климаты бұл жылқылар үшін қатал көрінгенімен сәйгүліктер тез жерсініп кетті. Осылайша Терск тұқымын аман сақтап қалды. Құпия құжат дерегі бойынша зауыт жылқыларының барлығы дерлік кері қайтарылған. Тек жол көтере алмағандары қалды. Бірақ олардан тараған тұқым жайлы еш мәлімет жоқ.
Ал соғыстан аман келген жылқылар шаруашылыққа араласып кетті. Американың «National Library of Medicine» сайты соғыс жылдарында және одан кейін де Қазақстанда жылқы шаруашылығының жанданғанын жазып, 1931-1976 жылы жергілікті бие мен таза тұқымды айғырларды будандастыру арқылы Құшым тұқымды жылқысының шығарылғандығына назар аударады. Жылқының бұл тұқымы соғысқа дейін әскери мақсатта, ал соғыстан кейін сүт, ет өндіру және мал бағу үшін пайдаланылды. Жалпы қазақ даласынан барған, келген жылқылардың еңбегі елеусіз қалған емес. Әлі де тың тақырып есебінде көпшілікке ұсынылары хақ.
Серік ҚАНТАЙ