Әкем: «Сталин- градтың батыс жағында жаяу әскердің құрамында болдым. Днепр-Донда көпір бұзылып, соны орнына келтіруге күш салдық. Аз уақытта көпір тұрғызылды. 1942 жылы ауыр жараланып, Чкалов госпиталінде емделдім. Чехословакияны азат етуде, Карпат түбінде, Сталинград, Дон түбінде көптеген сарбаздан айырылдық. Карпат тауында төрт айдай жаумен табан тірестік. Сонымен жауды ойсырата қуып, Германияға басып кірдік. Соғыс аяқталғанын сол жерде естіп, бөркімізді аспанға лақтырдық. Қуанышымызда шек болмады. Содан 4-5 ай Берлинде болдық. Қала ішін тазалау, қираған үйлерді орнына келтіру үшін жұмыс жасадық» – дейтін өткен күндерін еске ала отырып.
Әкем 1945 жылы тамыз айында аман-есен елге оралады. Соғыстан келісімен «Үлгілі» ұжымшарында ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысты. Астық суару, мал азығын дайындау сияқты елдің еңсесін көтеретін шаруаларға атсалысты.
1950 жылы бес шаруашылық бірігіп «Молотов» деп аталатын ұжымшар құрды. Кейіннен ол «Қызылтаң» қой кеңшары деп өзгерді. Ол кезде әкеміз кеңшардың алдыңғы қатарлы малшысы еді. Еңбегі бағаланып, бірнеше мәрте Мақтау қағазын алды. Әкеміздің бойында емшілік қасиеті бар еді. Соғыс басталмай тұрып дәрігер жоқ кезде тұрғындар сырқаттанса әкеме жүгініпті. Әкем соғысқа кеткенде анамның құшағында қалыппын. Келген соң бауырларым өмірге келді. Барлығы да оқып, жоғары білім алды.
– Соғыста бастан өткен жағдайларды айтып беріңізші. Ыстыққа да, суыққа да шыдадыңыздар. Біз сіздердің ерліктеріңізге бас иеміз, –дейтінмін әңгімеге тартып. Әкем ондайда кеудесін мақтаныш кернеп: «Мерген тұрмақ снайпер болғанмын. Әкелеріңмен ойнапсыңдар. Жауды туған жерге беттетпеген біз едік!», – деп марқаятын.
Әкеміз балаларынан немере-шөберелер көріп 1991 жылы 84 жасында өмірден өтті. Соңында өшпес ерлігі қалды. Ол Прага мен Берлинді азат етудегі ерлігі үшін марапатталған. Қызыл Жұлдыз ордені бар. Тағы бірнеше орден, медальдің иегері. Әкеміздің жеңісті жақындатқан жауынгер болғанын мақтаныш тұтамыз. Ерлік жолын ұрпағы бейбіт заманда адал еңбектерімен жалғастырып келеді.
Нұршакен Жанатбекқызы,
еңбек ардагері