Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы және Қарағандыға «Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім қабылданды.
Бұл шешім Алматыда өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында жария етілді. Жиында өзекті мәселелер талқыланып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңдері белгіленді.
Кездесуде делегаттар 2026–2030 жылдарға арналған шекаралық және сыртқы шекаралық қауіпсіздікті нығайту бағдарламасын қолдады. Сонымен қатар, ТМД елдері саяси диалогты тереңдетіп, ортақ қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруды, сауда-экономикалық байланысты кеңейтуді, көлік-логистикалық әлеуетті арттыруды және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытуды көздейді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД аясындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты ерекше атап өтті:
«Отыз жыл ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өзінің өміршеңдігі мен сұранысқа ие екендігін бірнеше рет дәлелдеді. Қазақстан әрқашан достастық елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты қолдайды. Еліміздің бастамалары серіктестер тарапынан кең қолдау тауып жатқаны қуантады», – деді министр.
Фото: Видеодан алынған кадр