Ағылшын тілін үйренудің оп-оңай тәсілі бар

0
131 921

Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам, ал үш тіл білген – үш адам. Қазір заман талабы – ағылшын тілі боп тұр. Сондықтан да, ағылшын тілін әркім өзі үшін, өзінің болашағы үшін үйренгені жөн. Сонымен, ағылшын тілін меңгеруді неден бастау керек?


Ағылшын тілін үйренудің оп-оңай тәсілі бар

фото: els-school.ru

Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам, ал үш тіл білген – үш адам. Қазір заман талабы – ағылшын тілі боп тұр. Сондықтан да, ағылшын тілін әркім өзі үшін, өзінің болашағы үшін үйренгені жөн. Сонымен, ағылшын тілін меңгеруді неден бастау керек?

Бүгінде ағылшын тілін үйрететін курс та, репетитор да көп. Үйренемін деген тілегі бар адам интернеттегі аудиосабақтар мен видеосабақтар арқылы-ақ өз бетінше меңгере алады. Дегенмен, тіл үйренуді жеңілдететін, жылдамдататын мына кеңестерді де білсеңіз, артық етпейді.

Бір айда бәрін үйренуге тырыспаңыз!

Мен асқазан мен миды бір-біріне ұқсатамын. Жеген асыңыз бен ішкен сусыныңыз ағзаңыздың қазанында химиялық реакцияға түсіп, дәрумендер мен минералды заттар сүзіліп, қажетсіз ас қалдығы түр-түсін өзгертіп, сыртқа шығады. Дәл сол сияқты, күніне қаншама ақпаратты көзбен, құлақпен қабылдағаныңызбен, ми оны реттеп, іріктеп керегін ғана алады.

Тойып тамақ жесеңіз, асқазанға ауырлық болады. Сондай-ақ, бірнеше апта бойы бұл тағам түріне беттей алмай қаласыз. Дәл сол сияқты бір айда фонетиканы да, грамматиканы да үйренемін деп, миға салмақ салмаңыз. «Жақсылық әсте-әсте болады», бірінші фонетикадан бастап, әріптердің дыбысталуын үйреніңіз. Одан соң бірден грамматикаға көшпеңіз, сөз жаттаңыз.

Сөз жаттаудан бастаңыз!

Курсқа жазылмас бұрын, ең бірінші сөздік қорыңызды байытып алғаныңыз дұрыс. Ағылшын тіліндегі ең жиі қолданатын 3000 сөз бар екен. Оны жаттап алған адамға ағылшын тілінде сөйлем құрау, өз ойын еркін жеткізу оңай.

Күнде бірнеше жаңа сөзді жаттап отыру қиын емес, бірақ жаттаған сөзді есте сақтау да оңай емес. Не істеу керек? Жаттаған сөзді миға шегелеп бекітіп отырыңыз. Ол үшін мидың «жаттау, сақтау психологиясын» білсеңіз болғаны. Ал, мидың «есте сақтау» психологиясы қандай? Бір сөзді 9 рет қайталау!

9 рет қайталау схемасын пайдаланыңыз

Садақ атуды, домбыра тартуды т.б. бір рет қайталағаннан үйреніп алмайсыз ғой. Сол секілді бір сөзді бір рет қайталағаннан ол жадыңызда жатталып қалмайды. Екі күннен соң, я болмаса бір аптадан соң ұмытылады. Психологтардың зерттеуінше, жаттаған сөзді ұмытпау үшін, оны 9 рет қайталау керек екен. Бұл тұрғыда психолог мамандардың құрған қайталап жаттаудың өзіндік схемасы мен уақытын білгеніңіз жөн. Ол мынандай: «15 минут, 1 сағат, 3 сағат, таңертең, 2 күн, 4 күн, 1 апта, 2 апта, 1 ай».

Мысалы, бір күнде ағылшын тіліндегі 30 жаңа сөз жаттадыңыз делік. Осы он сөзді 15 минуттан соң қайталаңыз. Арада 1 сағат уақыт өткен соң тағы бір рет қайталау керек. 3 сағаттан соң тағы қайталайсыз. Ертеңіне таңертең ұйқыдан тұрған соң еске түсіріп қайталап шығыңыз. 2 күннен соң тағы бір рет қайталаңыз. 4 күннен соң еске түсіресіз. Бір аптадан соң және екі аптадан кейін қайталау қажет. Содан соң арада 1 ай өткеннен кейін қайталап миға «бекітесіз».

Бұл бірінші күні жаттаған 30 сөзді миға бекіту схемасы. Ал, бұл 30 сөзді қайталаумен бірге екінші күні тағы да жаңа 30 сөзді жаттауға кірісуіңіз керек. Үшінші күні тағы да жаңа сөздер. Осылай сөздік қорыңызды күнде толықтырып отырумен бірге, әр күнгі жаттаған жаңа сөзді схема бойынша қайталап, миға бекітіп отырасыз. Яғни, әр күнгі қайталау схемасын өзіңіз түзесіз.

Есіңізде болсын, жаңа сөзді бір күнде 9 рет қайталағаннан ол есте сақталмайды, міндетті түрде қайталау схемасы бойынша жаттау керек.

Миды жалықтырып алмаңыз!

Сөзімнің басында миды асқазанға теңегенімді білесіз. Бір апта бойы күнде бір тамақ түрін асқазаныңыз ұната ма? Егер, түрлендіріп берсеңіз, асқазаныңыз құрамы бір, бірақ түрі басқа екенін аңғармай қалады. Миды да осылай «алдап», сөз жаттауды түрлендіріп отырыңыз.

Сөз таптары. Бірінші күні 30 зат есімді жаттасаңыз, келесі күні 30 сын есімді жаттаңыз. Үшінші күні 30 етістікті есте сақтаңыз. Немесе бір күні тек «киім» тақырыбында сөз жаттап, ертеңіне ыдыс-аяқтарға кезек беріңіз.

Визуализациялау тәсілі. Мысалы, «home» (үй) деген сөзді жаттаған кезде, көз алдыңызға үйдің суретін елестетіңіз.

Көру+есту әдісі. Уильям Глассердің зерттеуі бойынша, оқығаныңыздың 10 пайызы, естігеніңіздің 20 пайызы, көргеніңіздің 30 пайызы, ал көру+естудің 50 пайызы ғана есте сақталып қалады екен. Олай болса, сөз жаттағанда сол затты көзбен көріп, қолмен ұстап, қайталаңыз демекпін. Мысалы, киімдердің атауларын жаттадыңыз делік. «9 рет қайталау схемасы» кезінде гардеробыңызды ашып, юбкаңызды алыңыз да оның ағылшын тіліндегі аталуын еске түсіріңіз. Немесе үй жиһаздарын қайталау барысында бөлме ішін аралап жүріп, әр затты ағылшынша атаңыз.

Үйрете отырып үйрену. Уильям Глассер не нәрсені де талқылаған кезде ол 70 пайыз есте сақталатынына сенімді. Тәжірибеде қолданғанда 80 пайыз, ал өзгеге үйрету барысында 95 пайызы жатталып қалады екен. Ендеше, күнде жаттаған жаңа сөздерді балаңызға, әріптесіңізге немесе вацап-чатындағы достар группасында басқаларға үйретіп отырыңыз.

Міне, ағылшын тілін үйренуде мен қолданған әдістер осындай. Ал, оқырман, сіз қандай тәсілдерді білесіз? Білгеніңізбен бөлісіңіз, үйрете отырып, үйренейік!

Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ