БАЛА ТӘРБИЕСІ - ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Уақыты: 11.02.2021
Оқылды: 1347
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт
Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса
Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас

Халық даналығы

Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ұлтымыздың тарихы салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиеге толы. Біз бүгін асыл қасиеттеріміздің ішінен, тамырын тереңге жайып, осы ғасырдың өзегіне айналған «бала тәриесі» жөнінде сөз қозғамақпыз.

 «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген даналы сөзге сүйенсек, шынында базары мен ғажабы жарасқан қазақ,  іңгәлап дүние есігін ашқан баланы бесікке бөлеп, құлағына ана тілін құйып бесік жырын естітіп, буынын қатайтады. Тал бесіктен тәрбиенің алтын діңгегін, асыл қазығын қағып, өмір сахнасына ұл-қызын баулиды. Шілдехана, бесік тойы, тұсаукесер, сүндет тойын жасап, ағайынның ақ батасы мен ізгі тілегіне шомылады. Бертін келе баланың қызығушылығы оянған шақта білім нәрімен сусындатып, дүниеге деген көзқарасын, бағыт-бағдарын бағамдайды. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демей ме? Ұлын атқа қондырып, ердің табысы түзденің беташарын жасайды. Қылықты қыздарын қырық үйден тыйып, ар-ибасын, етек-жеңін қымтайды. Сондықтан да болар «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» - деп, тобықтай сөзді тарыдай түйіндеген. Сол күрмеуі берік тәрбиенің негізінде тепсе темір үзетін, сегіз қырлы бір сырлы азаматтар мен Айша бибі, Домалақ аналарымыз сынды қыздардың қазақ топырағында өмірге келгені ақиқат. Қызын үйдің берекесі, татулықтың ұйытқысы десе, ұлдарын шаңырақтың қорғанышы деп қадір тұтқан қазақтың XXI ғасырдағы тәлім-тәрбиесі қандай? Бұл сауалға да жауап берейік?

Бұл ғасыр  - ақпарат айдынының қарыштаған дәуірі. Заман көшінен қалмай батыстық, еуропалық мәдениетке еліктеген қастерлі жұрттың бала тәрбиесіне деген көзқарасы солғын тарта бастады десек біреу келісер, енді бірі келіспес. Десе де, уақыты жоқ заманда ата-аналар нәпақа табу мақсатында  таң ата жұмысқа шығып, түн бата үйге келеді. Баласы үйдің тәрбиесін емес, балабақшаның тәрбиесін көп сіңіреді. Анасы ас әзірлеуге кіріссе, әкесі теледидар, смартфон тамашалайды. Бұл әр шаңырақтың болмаса да, біраз үйдің әдетіне айналған оқиға. Сенбі-жексенбі күндері, дүйсенбіні күтіп баланы балабақшаға апаруға асығатын отбасыларды да көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Әке мен ананың мейірімін ала алмаған бүгінгі бала, есейе келе тәрбиені көшеден іздейді. Сөйтіп Томиристеріміз түнгі клубта жүреді, Қыз Жібектеріміз қыздығын ұралатады. Басына таяқ тигенде, өкініш өзекті өртегенде, өткен күнді ойлағаннан не пайда?

Сіз де біз де кешегі Абайды дәретсіз емізбеген асыл аналардың, он үшінде би болған қазақ қаймақтарының, он сегізінде қол бастаған батыр бабалардың ұрпағы емеспіз бе? Таңын да түнін де тынымсыз өткізген, тәуелсіздік үшін күресе жүріп, шаңырағын шайқалтпаған текті бабалардан тексіз ұрпақ шыққаны ма сонда?Ақтаңгерлерміз бізге осынша тәлім мен тәрбиені, ұлан ғайыр атырапты қалдырды. Ал біз, болашаққа не қалдырамыз? Сіз бен біз ойланатын басты сұрақ осы болмақ!

Қызым болсаң – қырымда құралайсың,

Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.

Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,

Менен неге сүйінші сұрамайсың?! – дейді ақиық ақын, алаштың ардақтысы Мұқағали Мақатаев. Ендеше, қыз – өріс, ұл – айбарлықылыш десек, әр қазақтың өрісі кең, қылышы қайраулы болсын!

 

Әйгерім АБЫЛҚАСЫМОВА