ЖҰЛДЫЗДАЙ АҚҚАН ЖОЛАН

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 1485
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Халқымның бағы – өз бағым» деген Жолан Омаровтың өмірден өткеніне жылға жуықтады. Ел мен жердің гүлденуіне, қоғам дамуына маңдай терін шүмектете төккен Жолан Омаровтың тыным таппаған табандылығын, іскерлігін, еңбекқорлығын елі ерекше бағалап, еске алады. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында айналасына мейірімнің шуағын шашып, талайдың жанына жылуын төккен азаматтың ар алдындағы адалдығы мен адамгершілігі бүгінде аңызға айналғаны ақиқат.


Жүрегі «елім, жерім» деп соққан аптал азаматтан қапыда көз жазып қалған халқының көкірек кернеген сағынышы мен қимастық сезімі нөсер жаңбырдай төгіліп, «Жолан жұлдызы» атты кітаптың жазылуына себеп болды. Талғар аудандық орталық кітапханасында өткен таныстырылымға аталған кітапты құрастырушы, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағұлымов, айтыскер ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы, Жоланның әпкесі Ләззат Омарова мен асыл жары Тоғжан Нұрболатқызы арнайы келді. Сонымен қатар, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы, танымал ақындар Бексұлтан Көлбаев, Камнұр Тәлімұлы, Мақсат Ережепов, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, қоғам белсендісі Құндызай Хасанова қатысып, Жоланның өмірі, еселі еңбегі жайлы ой-толғаныстарын ортаға салды.

Ел басқару ісінде дара жол салып, жарқын із қалдырған Жолан Омаровтың Талғар ауданын басқарған 9 айлық уақыт аралығында бірталай күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқатып үлгергені жайлы Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы баяндады.

– Жолан Ыбырайақынұлы Талғар ауданына әкім болып тағайындалғаннан бастап өзінің нағыз іскер басшы екенін танытты. Сол түні Талғардың әр көшесін аралап, ертесі күнгі жиналыста көше тазалығы, жарық пен жол мәселесінің барлығын күн тәртібіне қойды. Аудан бойынша әрбір елді мекендерді аралап шығып, халықпен тікелей кездесіп, жол жөндеу жұмыстарының барлығын есептеп, аз уақыт ішінде келер жылдың бюджетіне кіргізіп үлгерді. Оны қатаң бақылауда ұстады. Соның нәтижесінде бұрынғы жылдармен салыстырғанда бюджетіміз 10 млрд. теңгеге жуық көтерілді. Сол қаражаттың барлығы қажетті салаларға жұмсалды, – деп еске алған Ахмет Әшімахұнұлы аудан халқы үшін баспана мәселесін шешуде әлеуметтік үй салу мәселесін қолға алып, аяқтай алмағанына өкініш білдірді.

Күн-түн демей дамылсыз қызмет етіп, Талғар ауданының күретамырына жан бітірген Жоланның жер-әлемді шарпыған індеттің ілмегіне ілініп, дүниеден мезгілсіз өткені аудан тұрғындарының да жүрегіне қатты батқаны белгілі. Себебі, халықтың мұң-мұқтажына Жоландай басы ауырып, жанашырлық танытқан әкім-қарар аз болғанын жасыруға болмас. Үнемі үлкен-кішіні бауырына тартып, жүрегі қарапайым ел-жұртымен бірге соққан Жоланның адамгершілігі мен ілтипатына тең келер ешнәрсе  жоқ еді. Соған орай, халықтың тілегімен Жолан өзі аяқтап, тұрғындарға кілтін табыс еткен көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің қабырғасына муралы салынды. Менмұндалайтын муралдың астына Жолан өзі жиі айтатын «Халқымның бағы – өз бағым» деген сөзі де жарқырай жазылды.

Жаңа кітапта туған жерге туын тіккен, тәуелсіз еліміздің тұғырлы болуына, дамуына бар білім-білігін арнаған Жолан Ыбырайақынұлының жас та болса бас бола білген іскерлігі, жанкештілігі мен елінің ыстық ықыласқа бөленген дара болмысы баяндалады. Алатаудай биік тұлғалы, өр мінезді арда азамат Кеген, Райымбек, Талғар аудандарының әкімі болып қызмет еткен жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуына соны леп берді. Таулы өңірлерді қайта түлетіп, түрлендіруге қосқан ерен еңбегі де ел есінде мәңгі қалды.  

         «Адамдық борыш, ар үшін,

         Барша адамзат қамы үшін.

         Серт бергем, еңбек етем деп,

         Алдағы атар таң үшін!» – деп Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы  жырлағандай, сертіне адал азаматтың бірі де бірегейі бола білген Жолан Омаровтың жүріп өткен жолын ел-жұрты жоғары бағалап, құрметтейді. Оған «бармақ басты, көз қысты» түлкі бұлаң заманда әділдіктің ақ туын жоғары желбіретіп, ауылдарды, адамдарды алаламай, мейірімін төге, жұдырықтай жұмылдыра білген Жоланның басқарушылық қызметі де көптің көкейіне өзгеше ой салғаны белгілі.

         Ақын Нұрлан Оразалиннің:

Аяқсыз қалды көп ойың,

Жазғырып кімді сөгейін?!

Алашты қалың боздатқан,

Тажалға ессіз не дейін?!

Жүрек біткенді қозғадың,

«Халқымның бағы – өз бағым»,

Деуші едің, қайран бауырым!

Қош енді, қош бол, Боздағым!

Қамшылап ойдың сауырын,

Жарқ етіп Жасын – Дәуірің,

Жұлдыздай ағып өттің Сен,

Бақұл бол, Жолан бауырым! – деп егіле жоқтауы кітаптың алғысөзіне айналыпты.

Найзағайдай жарқ етіп, жұлдыздай аққан Жоланның өмірден өткеніне жыл толуына байланысты жарыққа шыққан «Жолан жұлдызы» атты эссе, естеліктер бағытындағы кітаптың атауын да ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалин қойған екен.

Кітаптың ішінде жазушы Смағұл Елубаевтың, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның, белгілі қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлының естеліктері мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Жолан жайлы ағынан жарылып айтқан сағынышқа толы эссесі бар. Сондай-ақ, кітапта облыстық мәсихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаевтың, белгілі қаламгер, публицист Жанболат Аупбаевтың, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы, белгілі спортшы Нұрбақыт Теңізбаевтың, облыстық ат бәйгесі федерациясының бастығы Рүстем Досжановтың мақалалары қамтылған. Жетісудың танымал ақындары Мақсат Ережеп, Серік Сүйіндік, Серік Қалиевтардың да Жоланға арнаған жүрек толқытарлық жырлары енген. Сонымен қатар, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Кеңесұлының, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнның Жоланның аталған аудандарда атқарған істері жайлы жазбалары жарық көрген.

«Балдырған» журналының редакторы Дүйсен Мағұлымов пен айтыскер ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы құрастырған бұл кітап жалпы 500 данамен басылып, таратыла бастаған. Талғарда таныстырылымы өткен кітаптың біразы аудандық кітапханаға, әрі қарай ауылдық кітапханаларға тапсырылды.    

Сонымен қатар, Жолан қызмет еткен Райымбек, Кеген аудандарына таратылады. Ал, 5 данасын ұлттық кітапханаға өткіземіз. Ұлттық кітапхана болашақта бұл кітаптың электрондық нұсқасын ғаламторға қойып, кең көлемде оқылуына мүмкіндік жасамақ. Болашақта оқырмандар, дос-жарандары атынан кітапқа деген қызығушылық артып, сұраныс болып жатса таралым санын көбейтуді немесе бұл кітапқа еніп үлгермеген естеліктермен толықтыруды қолға алу ойымызда бар. Оны уақыт көрсетеді. Жалпы, бұл кітап жолантанудағы алғашқы еңбек деуге болады, – дейді кітапты құрастырушы журналист Бақыт Жағыпарұлы.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп атап кеткеніндей, ел тізгінін ұстап, ұлт болашағына қызмет етуде турашылдықтан таймай, әділдікті, кәсібилікті, парасаттылықты бойына сіңірген Жолан Омаровтың асыл қасиеттері, азаматтық ұстанымы мемлекеттік қызмет құлағында отырған азаматтар мен өскелең ұрпаққа үлгі болып қалғаны хақ. Олай болса, ісі мен сөзі қабысып, ел жүрегінде биік бейнесі, жайдары жүзі, мейірімді сөзі қалған Жоланның жұлдызы айналаға әрқашан жарығын шашып, жылуын төгіп тұрары сөзсіз! Оған «Жолан жұлдызы» кітабының да әсері мол болмақ.

Ұлбосын ИСАБЕК