ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК ӨКІЛДЕРІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТУҒА ДАЙЫН

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 1141
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қазақстандағы дүниежүзілік банк өкілдері Жан-Франсуа Марто, Джейн Эбингер, Антонио Нуньес, Екатерина Бенджаминмен кездесті. Басқосуда тараптар екі жақты бірлескен жобалар жайын талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. 

Алғы сөзді бастаған аймақ басшысы, ең алдымен, мәртебелі мейманды өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, аталған банк өкілдігімен ауылшаруашылығы, коммуналды шаруашылық, инфрақұрылым, автожолдар салу мен әуежай құрылысын жүргізу салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Екі миллионнан аса халқы бар аймақтағы туу көрсеткішінің жоғары екенін, сәйкесінше, бұл ретте ин- фрақұрылымдық, әлеуметтік, коммуникациялық мәселелер жайы туындайтыны заңды екеніне тоқталған әкім, атап айтқанда, сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау мәселесінде қаржы бөлу қажеттігін айтты.
 – Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Өйткені, біз Дүниежүзілік банктің маңыздылығын түсінеміз. Облысымыз республикамыздағы ірі аймақтың бірі. Соңғы санақ бойынша, 2 миллионнан аса халық шоғырланған. Бұл аймақта оңтүстік мегаполис Алматы қаласының орналасуы да дамуға әсер етеді. Облыс арқылы Ұлы Жібек жолы өтсе, Шығыс қақпасы, құрғақ порт орналасқан. 4 транзиттік жол да біздің облыста. Басым бағыттың бірі – аграрлық сала болып табылады. Валовый табыс  көлемінің 17-20 пайызы біздің облыста өндіріледі. Мал шаруашылығы да басым бағыттарымыздың бірі. Ірі қара малынан 1 млн. 300 мың, 4,5 ұсақ мал басы бар. Егін шаруашылығынан соя, қант қызылшасы, жүгері Кеңес өкіметі тұсынан Алматы облысында шығарылады, – деген облыс басшысы бүгінде облысты аграрлы-индустриалдық аймақ деп атайтынын жеткізді. 
Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы өндіріс саласындағы қайта өңдеу инвесторлардың көмегімен дамып жатқанын айтты. Баумен және Тайсон облыста ірі зауыт құрылысын жүргізбек. Бүгінде жобалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы: 
– Соңғы 5-6 жыл ішінде трансұлттық компаниялар біздің ірі инвесторларымыз болып табылады. Аталмыш компания өкілдері республикада 16 жобаға қаржы бөлсе, оның 9-ы біздің облыс көлемінде жүзеге асырылуда. Одан бөлек, облыста шағын және орта бизнес дамып келеді. Біздің облыстың инвестиция құятын бағыты өте көп. Оның ішінде туристік нысандар да бар. Шетелге танымал Алакөл көлі, Шарын шатқалы, Көлсай, Қайыңды көлдері, Хан Тенгри шыңы сынды туристік нысандар да бар, – деген Амандық Ғаббасұлы Алакөл ауданындағы әуежайдың қону аймағына жөндеу жұмыстарына тоқталды. 
Алматы облысында алтернативті энергетика көзі де басымдылық берілетін бағыттың бірі. Осы бағытта көп жұмыс  істеліп үлгерді. Тау өзендері гидроэлектр стансысын салуға арналған. Күн, гидроэлектр стансысына қажеттілік күн санап артып келеді.
Өз кезегінде Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто айтылған ұсыныстар бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстар негізінде жұмыс істеуге уағдаласты. 
Айта кетейік, Дүниежүзілік банк – бұл әлемдегі дамушы елдерге қаржылық және техникалық көмектің маңызды көздерінің бірі болып табылады. Банк өкілдерінің айтуынша, олар кедейлікті азайту және қолдау көрсету бойынша бірегей серіктестіктің механизмін ұсынады. Дүниежүзілік банк 1944 жылы құрылғаннан бері ұйым Даму ұйымдарының тобына айналды. 
Қазақстан Дүниежүзілік банк тобына 1992 жылдың шілдесінде қосылды. 29 жыл ішінде Дүниежүзілік банк жалпы сомасы 8 миллиард АҚШ долларынан асатын қаржыны әлеуметтік қызмет, инфрақұрылымдық даму сынды кең ауқымды бағыттарды дамытуға атсалысты. 

Еңлік АРЫҚБАЙ