ІНДЕТ ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ АЗАЙҒАН

Уақыты: 08.06.2021
Оқылды: 620
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстағы коронавирус індетін жұқтырғандар санының азаюына байланысты медициналық мекемелерде инфекциялық стационарлардағы төсек саны 50 пайызға қысқарды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ниязбеков Өмірзақ Әбілсейітұлының айтуынша, вакцина салдырушылар қатарының артуы індетттің алдын алуға септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар басқарма басшысы тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін  облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарып отырғанын жеткізді.  


- Облыстағы инфекциялық стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты төсек саны 4795-тен 2460-қа дейін, реанимациялық төсек саны 410-нан 256-ға дейін қысқартылды. Бүгінгі күннен бастап Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана штаттық режимдегі жұмысына қайта кірісті. Осы уақытқа дейін облыстық аурухана тек коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды ғана қабылдайтын инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істеп келген болатын. 7 маусымнан бастап ауруханадағы неврология, урология, хирургия, нейрохирургия, терапия, офтальмология, гематология, эндокринология, нейрохирургия, травматология сияқты бөлімшелер науқастарды қабылдауға толықтай дайын, - деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ниязбеков Өмірзақ Әбілсейітұлы. 

7 маусымдағы жағдай бойынша облыста КВИ зертханалық расталған 26 448 жағдай тіркелген, оның ішінде симптомдармен 16 582. Соңғы тәулікте КВИ 54 жағдайы тіркелді, өсу қарқыны – 0,2%, оның ішінде 28 симптомдық және 26 симптомсыз жағдай. Облыс бойынша КВИ өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,4%-дан (24.05-30.05) 0,2% - ға дейін (31.05-06.06) азайды. 

КВИ анықталған 54 жағдайдың 13-і 14 жасқа дейінгі балалар.

7 маусымға 25 324 науқас жазылып шықты, бір тәулік ішінде стационардан 21 пациент шығарылды, 9 адам үй оқшаулауынан шығарылды.

Гүлжан ТҰРСЫН