АМАНДЫҚ БАТАЛОВ «BI GROUP» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 16.06.2021
Оқылды: 1153
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ «BI Group» компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуда қос тарап облыста заманауи үлгіде салынатын жаңа мектептердің құрылысы жайында әңгіме өрбітті.

Амандық Ғаббасұлы алдымен «BI Group» компаниясының құрылыс жұмыстары бойынша бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, өз ризашылығын білдірді. 
– Біз сіздерді біраз жылдан бері білеміз. Бұрындары компанияларыңыз облыста болмаған. Енді, міне, сіздердің қатысуларыңызбен облыс орталығында небір көз тартарлық әдемі ғимараттар бой көтеріп, қала сәнін кіргізуде. Мәселен, жаңа салынған театрдың өзі шаһарға қандай керемет көрік беріп тұр?! Сондықтан, сіздер жұмыстарыңызды облыста одан әрі жалғастыруларыңыз керек. 
Айта кетейін, біріншіден, бұл компаниямен бірлесе жұмыс істеуге сенімді арттырып, жұмысты сапалы атқаруға және нақты орындауға мүмкіндік туғызады. Сіздер Жамбыл ауданындағы бір мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген болатынсыздар, өте сапалы атқардыңыздар, риза болдым. Қазіргі кезде көптеген білім ошақтарын салудасыздар.  Талдықорған қаласында заманауи үлгіде бой көтерген инфекциялық аурухананы да мақтан етіп айтуға болады, – деп сөзін жалғаған аймақ басшысы аталған компанияның облыста іске асырып жатқан басқа да құрылыс жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті. 
Сондай-ақ, ол Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы орта мектепті қайта жаңғырту жұмыстарының да сапалы атқарылатынына сенім білдірді. Облыс әкімі: «Өздеріңіз білесіздер, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған адам саны көп, елу мыңнан асады. Соның ішінде Талдықорған қаласында үй кезегін күткендер де жетіп-артылады. Аймақта жылына 34 мектеп салынады. Мұндай көрсеткіш Алматы қаласында жоқ. Сондықтан, сіздер әлеуметтік нысандарды салуға барынша атсалысуларыңыз керек, – деді. 
Бұдан кейінгі сөз аталмыш компанияның өкілдеріне берілді. Олар да өз тараптарынан облыспен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқандарын және бұл үрдістің одан әрі жалғасатынын айтып, ойларын жалғады. МЖӘ мектептері (BINOM SCHOOL) білім беру үрдісінің жаңа форматы «800 мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел бойынша 2025 жылға дейін 101 мектептің құрылысы жоспарлануда. Осы ретте аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында компания Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында 2,7 гектар аумаққа 1200 орынды, Байбұлақ ауылында 2,99 гектар аумаққа 1500 орынға арналған мектептердің құрылыс жұмыстарын жүргізуді мақсат етіп отыр. Қазіргі заман талабына сай салынатын жаңа білім нысандарында балаларға қажетті жағдайдың бәрі қарастырылмақ. Тіпті, жүзу бассейні де болады. Осыған байланысты компания өкілдері қолдау көрсетілсе деген тілектерін жеткізді. Белгілі болғандай, компания, аталмыш білім ошақтарының құрылысын биыл қыркүйек айында бастап, келесі жылдың қыркүйек айына дейін аяқтап, пайдалануға беруді көздеп отыр.   
Олар осы аудандағы  Тұздыбастау ауылында дарынды балаларға арналған 450 орынды Абай атындағы республикалық мектеп-интернатының құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Бұл білім ошағының құрылысы биыл басталып, келесі жылы қолданысқа беріледі деген болжам бар. Жиын барысында, сондай-ақ, бүгінгі таңда әсіресе, цемент, арматура сияқты құрылыс бұйымдары бағасының қымбаттауы да құрылыс жұмыстарын жүргізуге айтарлықтай кедергі тудыратыны әңгімеленіп, осы мәселеге байланысты облыс басшысымен кеңесіп, заңды тұрғыда оң шешімін табу жолдары қарастырылды. 
Жамбыл ауданында екі, Кеген ауданында бір, Панфилов ауданында екі, Еңбекшіқазақ ауданында бір, барлығы алты білім ордасының құрылысы бойынша жобалау жұмыстарының 80 пайызға аяқталғаны, осы бойынша жұмыстардың рет-ретімен жүріп жатқаны жан-жақты сөз етілді. Компания өкілдерінің талап-тілегі мен ұсыныстарына құлақ асқан Амандық Ғаббасұлы аталған бағдарламаны орындау, әсіресе, үшауысымды мектептерді жою мақсатында компания тарапынан жоғарыда айтылған ұсыныс-тілектерге жан-жақты қолдау көрсететілетінін назарға салып, барынша көмек көрсетуге әзір екендіктерін және аталған құрылыстарды жүзеге асыруда бірлесе іс атқарып, мектептер салу жұмыстарының одан әрі жалғасатынын жеткізді. Осыған байланысты салаға жауапты лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА