ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ЕЛІМІЗ ГАЗДЫ ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА КӨБІРЕК ТҰТЫНУДА»

Уақыты: 21.06.2021
Оқылды: 1104
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бейнебайланыс режимінде өткен жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. 

Кеңесті ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласының еліміз үшін де, әлемдік энергетика жүйесі үшін де маңызды екендігіне тоқталды. 
– Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орынға ие. Сонымен бірге еліміз газды жылдан-жылға көбірек тұтынуда. Бірақ, газ өндіру қарқыны оған сай емес. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. 
Газ саласын дамытудың негізгі жолдары жөнінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон баяндама жасады. Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Ел Президенті газбен қамтамасыз етуді дамытудың және басқарудың қазіргі моделін жаңғырту қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса мән беру керектігіне тоқталды. 
Мемлекет басшысы ішкі газ нарығындағы баға белгілеу ісін жетілдіруді негізгі мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Өйткені, өңірлерді жаппай газбен қамтамасыз ету газды тұтыну көлемінің артуына әкеп соғады екен. Соңғы бес жылда ішкі нарықтағы  газ  40  пайызға,  яғни, 12-ден 17 миллиард текше метрге дейін артты. Осы ретте Қазақстандағы газдың бағасы  ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: 
– Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифын реттеу және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет, – дей келе ҚР Үкіметіне ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аталған мәселені шешудің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Одан бөлек, газ тасымалдау жүйесін жаңғырту үшін Үкімет пен Қорға, экспорттан, тіпті, жекешелендіруден түсетін табыстарды қоса алғанда, қосымша қаржыландыру көздерін іске қосуды жүктеді.
Ел астанасына көгілдір отын келеді дегелі көп жыл болды. Қаланың 2 жылу электр орталығы экологияға зияны аз қуат көзіне көшірілуі тиіс еді. Алайда әлі жұмыс біткен жоқ. Оңтүстіктен тартылған «Сарыарқа» газ құбыры да сынға ілікті. Солтүстік өңірлер соның игілігін көре алмай қалуы мүмкін. Дәлірек айтқанда, қазақстандық газ жетпесе, ресейлікті тұтынатын болады. Бұл туралы: 
– Солтүстікті газбен қамтудың екі жолы бар. Бірі Сарыарқаға, ал екіншісі ресейлік газ құбырына қосылу. Екеуінің де тиімді және тиімсіз тұстары бар. Үкімет жергілікті әкімдіктермен ақылдасып, таңдау жасауы тиіс. «Сарыарқа» магистральді газ құбыры 2019 жылы уақытылы пайдалануға берілген. Бүкіл елімізге ортақ бұл әлеуметтік маңызы бар жоба экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Әкімдіктердің салғырттығынан тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз етудің белгіленген мерзімдері кейінге шегерілуде, – деген Президент Үкіметке нақты мерзімін, индикаторлар мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, аталған өңірлерді газбен қамтамасыз ету жоспарын жандандыруды тапсырды.
– Қалдықтарды болдырмау мақсатында кәсіпорындар мен экономикаға түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. 2030 жылға қарай газ өндіру көлемін 1,5 есеге – 21-ден 33 миллиард киловатт сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек. Менің тапсырмама сәйкес сол уақытқа қарай жаңартылатын қуат көздерінің көлемі 15 пайызды құрауы тиіс. Осылайша, осы он жылдықтың соңына қарай еліміздегі электр қуатының жартысына жуығы мейлінше экологиялық таза энергия көздерінен өндірілетін болады, – деген Мемлекет басшысы кеңесті қорытындылады. 
Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы өңірлерді газбен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Ол Еңбекшіқазақ, Бақанас, Қаратал аудандары мен Текелі қаласын газбен қамту мәселесіне жіті қарауды жүктеді.

Еңлік АРЫҚБАЙ