БҮГІН - МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ КҮНІ: БӘРІ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Уақыты: 23.06.2021
Оқылды: 1175
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Құрметті Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын!


Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы №716 Жарлығымен 23 маусым Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді.

Бүгінгі күнгі заманауи қоғамның өмір сүру деңгейі мемлекеттік басқару жүйесінің басты элементі – мемлекеттік қызметке байланысты.

Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Өңіріміздің қарқынды дамуы сіздердің мамандық пен тәжірибеге, ұмтылыс пен жiгерге тікелей байланысты. Облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және өскелең ұрпақтың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мемлекеттік қызметшілерге артылған жауапкершілік іспетті.

Бүгінде Алматы облысында еңбек етіп жатқан 7069 мемлекеттік қызметшінің 44,8%-ы ер адам, 55,2%-ы әйел. Ал, мемлекеттік қызметшілердің 20%-ын 29 жасқа дейінгі жастар құрайды. Жылдан жылға жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды мемлекеттік қызметке әкелу мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Соған орай, мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы арттырылып, меритократия және кадрлық тұрақтылық қағидатын сақтау көрсеткіштері жақсарып келеді. Облыста ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 13 және «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі қызмет атқарады.

Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарда ішкі конкурс нәтижелері бойынша қызметкерлердің 77,1%-ы мансаптық жоғарылатуды алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артық. Қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесі қызметшілерді кәсібилендірудің ажырамас бөлігі саналады. Осыған байланысты биыл жыл басынан 537 мемлекеттік қызметкер арнайы оқудан өтіп, білімін жетілдірді.

Мемлекеттің күші оның қызметкерлеріне тиесілі болса, мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды сәтті шешу жұмыс тиімділігіне, тәжірибе мен жанқиярлыққа тікелей байланысты. Сондықтан халық әрқайсыңыздың бойыңыздан кәсібиліктің, адамгершіліктің, патриотизмнің жоғары деңгейін көріп, заңдылықты берік ұстанғандарыңызды қалайды.

Сіздердің жоғары іскерлік және моральдық қасиеттеріңіз, өз істеріңізге берілгендіктеріңіз, тәжірибелеріңіз бен еңбексүйгіштік қасиеттеріңіз халықтың әл-ауқатын дамытуға елеулі үлес қосады. Осы орайда сіздерге шын жүректен зор денсаулық, бейбітшілік, өзара келісім, отбасыларыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Қашанда жарқын болашақтың жаршысы болып жүре беріңіздер!

Ләззат Бейсеқұлова,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері 
агенттігінің Алматы облысы 
бойынша департаментінің басшысы