ДАРЫНДЫ БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ

Уақыты: 22.06.2021
Оқылды: 1298
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және азаматтық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасай отырып, оның шығармашылық қабілетін және эстетикалық тәрбие беруді дамыту.


Көптеген ғалымдар әр баланың туа біткен шығармашылық мүмкіндіктері бар, әр баланың бойындағы креативтілікті дамыту тек шығармашылық әрекетте жүзеге асады деген пікірде. Мектеп білім беру әдістерін қолданып, танымдық процесті ұйымдастыру тәсілдері арқылы баланың креативтілігін дамытуды көздейді. Креативтілік туралы айтқанда шығармашылық ойлау ғана емес, тұлғаның қасиеті мен дамуы да ескерілуі керек.

Қазіргі білім беру тұжырымдамасының бағыты өзгергеніне қарамастан мектептерде оқу бағдарламасын оқушы тұлғасынан жоғары қою әлі күнге дейін кездеседі. Философия мен психологияда «креативтілік» категориясын зерттеу мен анықтауда негізгі төрт бағыт айқындалады. Олар: шығармашылық процесс; жаңаны құрумен байланысты әрекет нәтижесі, шығармашылық өнімі; интеллектуалдылық немесе шығармашылық қабілет; тұлғалық категория, мінез-құлық ерекшелігі.

Дарынды оқушылардың креативтілігін дамытуда бір-бірімен тығыз байланысты болатын бірнеше қағиданы айқындауға болады. Олардың қатарына дарынды оқушының жеке психологиялық ерекшелігін ескеру; оқу процесінде оқушының танымдық әрекетінің басым болуы; дарынды оқушылардың ішкі сезімдерінің, яғни, оқуға деген жағымды көзқарасының оянуын белсендіруге бағытталған іс-әрекеттерді ұйымдастыру; сабақта оқу-тәрбие құралдарының, формаларының, әдістерінің нақты бір мақсатқа бағытталып, түрленіп отыруы жатады.

Осы қағидалардың жүзеге асырылуы оқушының даму деңгейінің өсіп, ой еңбегін өзіндік ұйымдастыра білуіне жетелейді. Дарынды оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеу, балалардың бойына жауапкершілік сезімін сіңіру керек. Оларды шығармашылыққа бағыттап, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге дағдыландыру қажет. Ол психологиялық әсер шығармашылық процесс кезінде оқушыны шығармашылыққа баулиды. Ұстаздың оқушының жетістігін мадақтап, көтермелеуі, құптаушылық көзқарастың болуы балаға сенім ұялатады. Оқушылардың креативтілігін дамыту жолдарын қарастыра  педагогикалық тұрғыда жаңа технологияларды пайдалана отырып білім берген жағдайда ғана дарынды оқушылардың қабілетін қалыптастыра аламыз.

Гүлнұр ӘМІРҒАЛИЕВА,

№ 2 орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы