МҰҚАҒАЛИ - 90. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТӨРІНДЕ

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1368
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

"Сірә, мен өлмейтін шығармын, 
Сәл мызғып қайтадан тұрармын!"
Ақиқатқа айналған өлең ғой. "Елемей өсегін де, есебін де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде.
Қырықтың бесеуінде" ,-
деп өлшеулі өмірінің қырықтың бесеуінде түгесілерін де меңзегені айна қатесіз келді. "Айтылар естеліктер мен туралы" дегеніндей естеліктердің айтылып келе жатқанына да қырық бес жылдан асты. Күн уақытымен шығып, Ай мезгілімен туып, өмір-керуен жылжуын тоқтатпаса, естеліктердің де айтыла берері тағы да анық. Әр жыл сайын ақпанның ақ таңымен берге туған халқы жыр-керуенді бірінен бір іліп әкетіп жатушы еді. Енді түркі әлемінің төрінде оқылып жатыр. Бұған дейін де бірнеше тілге аударылған Мұқағали ағамның жаухар жырларын түбі бір түрік ағайындар да өз тілдерінде сөйлетуде.

Апта басында Түркияның Кастамону қаласында түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, башқұрт тіліне аударылған "Қайтқанда соңғы тырналар" өлеңдер жинағының тұсаукесері жоғары деңгейде өтті. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының төрағасы Дүйсен Қорабайұлының түркі елдері арасындағы берекелі бірліктің нәтижесін айта келіп, Мұқағали жырларының алты тілге аударылуы сол татулықтың жемісі екенін сөз етті. Конференцияда Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кастамону облысының губернаторы Авни Чакыр, қала мэрі Рахми Галип Видинлиоглу және ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбай, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Қапашұлы баяндама жасады. Түрік тіліне аударған Кенан Чарбоға мен қырғыз тіліне қотарған Қожагелді Құлтегін өз тілінде Мұқаңның өлеңдері жайлы ойларын ортаға салды. Ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы әкесі жайлы естелік айтып, түркі әлемінің төрінде жырлары асқақтата оқылғанын ерекше бағалап, ақын туған қазақ халқының атынан алғыс айтты. 

Өз кезегінде "Мұқағали Қорының" төрайымы Бақытгүл Айдарбекова бірнеше адамға "Мұқғали" төсбелгісімен куәлігін тапсырса, облыс жұрты атынан ақынның бейнесі салынған сувенир мен "Жетісу жаухары" деген атпен жақында ғана жарық көрген фотоальбом тарту етілді. 

2018 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Кастамону қаласынан басталған игі шара сәрсенбі күні Анкара қаласындағы Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шаңырағында жалғасты. 

Жалпы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаеатің 90 жылдығына арналған рухани шара түркі әлемінің бірлігін, Атажұрт пен Анадолы арасындағы ынтымақтастықтың беріктігін көрсетті.

(Түркі еліндегі мәдени шара жайлы толық материалды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар).

Жұматай ӘМІРЕ
АНКАРА-КАСТАМОНУ