ДӘУРЕН ҚУАТ: "БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚАРУЛЫ КҮШТІҢ ДЕ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРАДЫ"

Уақыты: 28.06.2021
Оқылды: 1500
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Баспасөзге мемлекеттің дамуы, тұтастығы, ынтымағы мен бірлігі және идеологиясын қамтамасыз ететін үлкен бір сала ретінде қарамаса, сол баяғы ақпарат алушы, ақпарат таратушы құрал ретінде қала береді. Әлемде дамушы елдер баспасөздің рөлін алдыңғы орынға шығарды. Жаһандану заманында, әлем күрделеніп бара жатқанда бұқаралық ақпарат құралы «қарулы күштің» рөлін де атқарады. Ең бірінші орынға қазір баспасөз шықты. Қаражат, саясат, қару-жарақ баспасөздің қасында кейінгі орында қалды. 


Баспасөздің рөлі ақпараттық технологияның дамуы, әлеуметтік желілердің пайда болуы, интернет басылымдардың пайда болуымен пәрмені артып, күшейе түсті. Бүгінде бір ел екінші елге ықпал ету үшін экономикалық-саяси басқыншылық жасамай-ақ ақпараттық агрессия, шабуыл жүргізу арқылы өзінің пәрменін, ықпалын жүргізіп отыр. Есіңізде болса, қырғи-қабақ соғыс жылдары деген болды ғой. Сол қырғиқабақ соғыс жылдарында Америка мен Кеңес одағының баспасөзі жарысқа түсіп отырды. Қырғиқабақ соғыста екі елдің арасындағы ақпараттық майдан бүкіләлемдік сипат алды. Бүгінгі баспасөздің өзіндік бәсекесі әлемдік деңгейге көтеріліп кетті. Осы тұрғыдан біздің ел де баспасөзге мемлекеттік үлкен сала ретінде қарап, солай мән беруі керек. 

Екінші – кәсіби журналистиканы дамыту үшін бұрынғы оқытылып келе жатқан жоғары оқу орындарында журналист мамандарын дайындайтын теория мен ғылымды түп тамырымен өзгертпесе болмайды. Себебі, ол жерде, әлі де сол баяғы Кеңес одағы кезіндегі ғылыми база сақталып қалған. Сонымен жұмыс жасалады. 

Біз ұлттық, мемлекеттік кәсіби журналистиканы оралту үшін, журналистиканы шырқау шыңына көтерген, Қазақ журналистикасын дамытқан кешегі алашордашылардың журналистикасынан бастап, Кеңес өкіметінің кезінде бір салаларды дамытқан журналистикасымен астастырып, тәрбиелегеніміз дұрыс. Мысалы спорт, мәдениет, экономика және заң саласындағы тақырыптарды қаузаған журналистердің еңбектерін оқытуымыз керек. Нұри Муфтах деген кісі өтті. Тек қана заң саласы, құқықтық мәселелер жайында жазатын. Ол кісінің жазған мақаласынан кейін көптеген соттың шешімдері, заңсыздық орын алған мәселелер қалпына келтіріліп, қайта шешім шығарылатын. Өзіміздің жерлесіміз Өтепберген Ақыпбек мақала жазған кезде кез келген тақырыпты керемет зерттеп, талдап, тереңіне үңілетін. Әлемді тереңірек білетін Жанболат Аупбаевтың жазғандарын үлгі етуімізге болады. Біздің кәсіби журналистердің еңбектерін, шығармаларын, кітаптарын, жазу шеберліктерін жастарға оқытқанымыз жөн. Солардың жазу, ойлау, зерттеу дәстүрлері қайтарылса деген тілек бар. Бұл жерде кәсіби табандылық, журналистік білімдарлық, ізденіс көрініс табады. Солардың кәсіби шеберлігі тәжірибеден өтушілерге үлгі болуы тиіс. 

Үшінші мәселеге келетін болсақ, кәсіби журналистиканың мектебі тек қазақ баспасөзінде ғана қалып отыр. Газет-телеарналарға келіп жатқан жақсы журналистер бар. Кәсіби журналистиканы мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Республикалық, облыстық газеттерде мықты журналистер бар. Осыларды үнемі алдыға шығарып, солардың есімдерін, жазған дүниелерін үлгі етіп, өзгелерге көрсетіп отыратын редакциялардың да саясаты болса. 

Тағы айтатыным, біздің журналистер тілден айырылып бара жатыр. Көбі жаңағы тақ-тұқ, немесе түсініксіз, бұлдыр тілде жазады. Содан кейін тілді білгеннің жөні осы екен деп жылтырата салады. Дерексіз, дәйексіз, ішінде жаңа ақпараты жоқ, сылдыр сөзбен мақала жазатын журналистер бар. Олардың бәріне шектеу қойған жөн. Бұл жерде редакторлардың жұмысы, редакция басшылығының жұмысы пәрменді болуы тиіс. 

Төртіншіден, біздің қазақ журналистикасына, қазақ баспасөзіне сырттан ықпал етіп отыратын күштер бар. Міне, осылар біздегі еркіндік пен сөз бостандығына шектеу қойып отыр. Былай қарасаңыз біз де, конституцияда цензураны алып тастағанбыз. Заңда да солай деп көрсетілген. Алайда, жекелеген тұлғалар, былайша айтқанда атекемдер іске араласып отырады. Олардың атағына немесе істеп отырған қызметіне байланысты сын мақала жарияланатын болса айқай-шу тудырып, редакцияның әптер-тәптерін шығарады. Қандай тұлға болсын, ол саяси, мемлекеттік, тіпті қайраткер болсын, керек жерде сын жазылуы тиіс. 

Оның жеке басына тиісудің қажеті жоқ. Бірақ істеп отырған ісі, жұмысы, қызметіне байланысты айтылатын сөз баспасөзде айтылуы тиіс. Сөйтіп, қарсы тарапқа да сөз берілсе. Бұл адамдар әдептен жұрдай. «Мен білемін, мен күштімін, мен үйтемін, мен сүйтемін” деген сияқты қоқан-лоққы жасап отырған күштер көп. Қазақ баспасөзін осындайлардан қорғайтын заң болса. Қазіргі біздің заңда жекелеген тұлғалардың өміріне қол сұқпау қажет. Ол туралы материал жазылатын болса, рұқсатын алу керек деген сияқты қағида бар. Міне, мұның өзі цензура ғой. Цензураны сыпайылап ұстанудың бір түрі осы. Бұдан қазақ баспасөзі оңайлықпен арылмайды. Мұндай жағдайда редакторлар мен газеттердің еркіндігі болмайды. 

Қазір кәсіби журналистикамен бәсекелестікке түсіп жатқан азаматтық журналистика деген шықты. Азаматтық журналистика деген ол да жақсы. Бұл енді қоғамдағы мәселелерге азаматтардың араласуы. Азаматтық журналистика, қоғамда азаматтық белсенділікті арттырып келе жатыр. 

Азаматтық белсенділікті біз қайдан көріп отырмыз? Оны қазақ сайттарынан байқаймыз. Сол жерде жазып отырған авторлардың мақалаларынан көріп отырмыз. Әлеуметтік желілерден көріп отырмыз. Алайда, азаматтық журналистиканың өзіне де кәсібилік талап қойылуы керек. Ол не айтқысы келсе соны жариялап, жазып жатады. Жазғанын ешкім редакцияламайды. Бірақ, соның өзінде де кәсібилік, білімділік, сөйлемді жаза алатын адамдардың мақаласы алдыға шығарылуы тиіс. Мысалы, орыстардың блогерлері өте сауатты жазады. Жазу мәдениетін сақтайды. Посттарды сауатты жазғанын көріп, риза боласың. Ал біздегі «мен» деп жүрген блогерлердің жазғанын оқып, бет қызарады. Содан кейін блогерлердің әсіре белсенділігі қоғамдық пікірге әсер етіп жатыр ма? Әлде осыларды әспеттеудің бір механизмі қалыптасты ма деген ой туады. Қазір әкімқаралар кәсіби журналистермен жұмыс жасаудан гөрі барғанын, көргенін сол заматта әлеуметтік желіге іліп, сала салатын блогерлердің жетегінде кетіп, соларға гранттар бөліп, қаржыландырып, жұмыс жасап жатыр. Олар бүгінгі айтқан сөзінен ертең айный салады. Оларда ешбір кәсібилік жоқ. Алайда, оқырмандар кімді тыңдау керектігін болашақта өздері саралайтын болады. Оқырмандардың сұранысы, талабы қазақ блогерлерін белгілі бір деңгейге көтеретін шығар деп ойлаймын. Болашақта журналистикадан хабары бар блогерлер алдыңғы орынға шығады да, ал не болса соны айтып, журналистиканың, жалпы сөздің қадірін кетіріп жүргендер бірте-бірте уақыттың елеуінен өтпей қалады. 

Телеарнада кез келген тақырыпты шоуға айналдыру үрдіске айналып кетті. Содан кейін мынау әлеуметтік мәселелерді қалай болса солай қозғау, кейде бір интимдік тақырыптарды экранға алып шығу, эфирге соны жіберу арқылы рейтинг қуалау белең алып, келеңсіздіктер тудыруда. Рейтингті қуалаудың жөні осы екен деп келіні мен енесін айтыстырып қояды. Күйеуімен ажырасып кеткен әйелін алып келіп, сөйлестіріп қояды. Біздің қоғамның осыншалық кірлеп, ластанып кеткеніне таңғаламын. Бәлкім, жекелеген отбасыларда ондай ырың-жырың болып жататын шығар. Оның бәрінен адамыз, тап-таза ұлтпыз деп айта алмаймын. Қоғамда ондай дүниелер бар. Бірақ одан да басқа нәрселер жетерлік емес пе? Азғындықты шоуға айналдырмай-ақ мамандарды сөйлету, мысал келтіру арқылы қоғамды салмақты ойға жетелейтін дүниелерді неге көрсетпеске? Жарайды, енесі мен келіні шығып, бет жыртысты. Эксперттер студияда отырып алып өздерінше ақыл айтып, пікір білдірді. Содан не шықты? Одан кім қандай ақыл, ой түйді? Ешқандай ой түйген жоқ, тек қызық көрді, қол соқты. Ауыл-елдің өсегі деңгейінде қалды. Қазір телеарнадағы бағдарламалар тек қана ауызекі өсекке қызмет етіп жатыр. Бұл қалпымызбен жалғастыра беретін болсақ, сол өсек-аяңның жетегіндегі, соның желісіндегі елге айналуымыз ықтимал. Бізге қазір салмақты бағдарламалар керек. Десе де, жастарға арналған, өздерінің мінезі, қызуқандылығын көрсететін бағдарламалар болу керек шығар. Бірақ, соның өзін мәдениетті қылып жасауға болады ғой. Ал, біздің хабарлардан кәсібилік, әдеп дегеннің мүлдем бетімен кетіп бара жатқанын көреміз. 

Соңғы кездері телеарнадағы бағдарламаларға назар аударыла бастады. «Абай тв» деген канал шықты. Жақсы дүниелер, мәдени бағдарламалар беріп жатыр. Бірақ, оларда да әлі де болса кәсібилік жетіспейді. Екі адамның әңгіме қозғап отыруы көрерменді жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан, технологияның бүгінгі мүмкіншілігін пайдаланып, сөз бен сюжетті араластырып беріп, тартымдылықты арттырғанымыз дұрыс. 

Қызықтыру мен тартудың жолдарын табатын болса, ойлы, мәнді бағдарламалар алдыңғы орынға шығады. Қалай болғанда да, тіпті қазіргі мынау у-шуды тоқтатып, салмақты, сараптау бағдарламаларға жол беретін болсақ, халық соған бұрылады. Мысалға біз кеше, Кеңес одағының цензурасында отырған кезде сазды, сәнді, ойлы, ұлтқа керек сөзді тыңдай алдық. Ал, бүгін өз еркіміз өзімізге тиген кезде, ел боламыз деп жатқанда у-шудың, шоудың жетегіне еріп кеттік. Бұл үрдіс батыстан келіп жатыр ма, жоқ, Ресейге келіп, одан бізге өтіп жатқан дүниелердің ықпалы ма, белгісіз. Біз де сол жеңіл-желпі дүниелерге, тақырыптарға әуес болып кеттік. 

Телеарна, баспасөз дегеннің атқаратын миссиясы көп. Бір миссиясы – ұлтты тәрбиелеу. Дұрыс нәрсеге жетектеу, ұлтты азғындатып алмау. Баспасөздің осы миссиясын оралтса. Соған көбірек мән берілуі тиіс. Қаражатты да соған бөлген жөн. Осындай кезде ұлт ойланады, тоқтайды. Мәнді-мағыналы сөз айтылып жатса оны тартымды етіп, көрілімді етіп беріп жатса халқымыз ондай бағдарламаларды көреді. Халық сол бағдарламаларды бағалайтын болады. Ал бүкіл телеарналар айтыс-тартыс, жұлыс, көпірме көп сөзге орын беретін болса көрермен де соның жетегінде кетеді. Айналдырған 10-15 жылда ұрпақты немесе бүгінгі ұлтымызды жеңіл-желпі ойлайтын, өсек-аяңның жетегінде жүретін елге айналдырып жібердік. Міне, баспасөздің пәрменділігі. Баспасөзде өте күшті идеология болса ұлттың парасатын арттырып, биіктетіп, ойландыратын, ойлай алатын ұлтқа айналдыра алады.

Сөзімнің басында айтқан тұжырымыма қайта оралайын. Баспасөзді мемлекеттік үлкен бір сала ретінде қарастыру керек. Сонда баспасөз өзінің миссиясына сай қызмет атқаратын болады. Болашақта баспасөзді ықпалды күштерден қорғайтын заң керек.

Дәурен ҚУАТ
"Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы