"ЖЕТІСУДЫҢ" АМАНАТЫН АРҚАЛАП

Уақыты: 28.06.2021
Оқылды: 945
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адамды ұлы мақсаттарға жетелейтін құдіретті күштің атауы менің ұғымымда  «арман» деп аталса керек. «Армансыз адам – қанатсыз құс» деген сөз де осыдан қалған. Сонау Райымбек ауданының Қайнар ауылында дүниеге келіп, оң-солымды тани бастағалы бері сөз өнерін меңгеріп, жыр-пырақты ерттеп мінген ақын болсам ғой деп армандайтынмын. Ол жолда қаншама рет кедергіге жолыққаның, сүрініп-тұрғаның маңызды емес, мәселе сонау бір көкжиекте қолын бұлғап шақырып тұрған тылсым бір дүниенің бар екенін сезіну, соған жету жолында еңбектеніп алға ұмтылу әлдеқайда маңызды. Міне, сол арман мені  шығармашылыққа алып келді.


Еңбек жолым қазақ баспасөзімен тікелей байланысты болыпты. «Күн мен Ай» қазақ-түрік журналында, Қапшағай қалалық газетінде тәжірибемді шыңдағаннан кейін мені қаламгерлікке баулыған, шабытыма шуақ берген Алматы облыстық «Жетісу» газеті болды деп айта аламын.  Осы басылымның Іле ауданы және Қапшағай қаласы бойынша меншікті тілшісі бола жүріп,  өлең өлкесінде еркін самғадым. Олай дейтінім, мұндағы әріптестерімнің басым бөлігі қаламгер қауым. 

Ілияс Жансүгіров атындағы республикалық мүшәйрада бірінші орын алып, қобызшы Молықбай, Майра Уәлиқызы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлықтардың иегері, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы атандым. Өзге ел ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалағаным бар. Осының бәрі қиялыма қанат бітіріп, поэзияға деген құштарлығымды еселей түскені ақиқат.

 «Шоған абыз» атты тарихи дастаным Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы қорының «Алтын тобылғы» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, бірнеше тілге аударылып басылғаны мен үшін үлкен белес, шығармашылығыма шексіз шабыт сыйлады.  Сондықтан өз  күшімді «Жүз жаңа есім» жобасында сынап көрмекке бекінген едім. Мұнда да жолым болып, мыңдаған үміткердің ішінен дараланып шықтым.

Сөз басында айтылған арман жайлы пәлсапа адамды қол жеткен табыстарға тоқмейілсітпей, шыңдардан шыңдарға ұмтылдыратынын  осы тұста ұққандаймын. Мені «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған праймеризге қатысуға шақырғанда алғашында қобалжығаным рас. Алайда, алдымдағы аға-әпкелерім, жетісулық әріптестерім қолдап, рухани демеу көрсеткеннен кейін тәуекелге бел байлағанмын.  Мені қарапайым ғана қазақтың қызы деп емес, ақын деп қабылдаған жұртшылық тағы да қолдады, қанаттандырды. Жеңіске жетуіме себепші болды.

Бүгінде еліміздің ең басты заң шығарушы органы – Парламент Мәжілісіндегі депутаттық қызметіме кірістім. Әрине, күш-қуатым мен білім-білігім жеткенше еліме, Отаныма қызмет жасаймын. Осы биіктен өткен күндерге көз жібергенде өз отбасымдай болған «Жетісу» газетінің орны ерекшеленіп тұрады. Балауса жырларыма қуана қол соғып, қаламыма қанат бітірген, ақындықтан қайраткерлікке жетелеген осы ұжымыма айтар алғысым шексіз. Сондықтан журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында әріптестерімді шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс пен отбасылық бақыт тілеймін!

Мақпал Тәжмағамбетова,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты