ЖЫРЫ БІТПЕЙТІН ЖОЛ

Уақыты: 30.06.2021
Оқылды: 1359
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы «Жетісу» газеті Қаратал ауданы Көпбірлік ауылында жөнделіп жатқан жол мәселесін көтерген болатын. Сапасы сын көтермейтін тас төгу жұмыстарына көзбояушылық танытып, мемлекеттің қаражатын текке шашты деген тұрғындардың арыз-шағымын басшылыққа алып, журналистік зерттеу жүргізген едік. Сол кезде көптеген кемшіліктер анықталып, жолға тас төгу жұмыстары қайта қолға алынған еді. Енді, міне, сол жолдың жыры қайта басталды. Алғашында ауылға асфальт төселіп жатыр дегенді естігенбіз. Сол кезде қуанышымыз қойнымызға сыймай бөркімізді аспанға лақтырдық. Көп ұзамай ауыл тұрғындарының өкпе-ренішін естіп, қуанышымыз су сепкендей басылды. 


Алмалы – Көпбірлік арасындағы жиырма сегіз шақырымға биыл тас жол салына бастаған болатын. Өткен жылы астына қиыршақ тас төгіліп, биыл үстіне асфальт төселуі керек-ті. Өкінішке қарай, былтыр қиыршақ тас дұрыс төгілмей, жұмыс толығымен аяқталмады. Ал маусым айының басында басталған асфальт төсеу жұмысы да сапасыз. Жол жөндеу жұмысына жауапты «Талдықорған жолдары» мердігер компаниясының жұмысына көңілдері толмаған ауыл тұрғындары редакцияға арыз түсірді. Тұрғындардың қолы қойылған арызда «екі ауылдың арасына жол салып жатқан кәсіпорын тасы жоқ құмның үстіне асфальтті құйып жатыр, ертең-ақ салынған жол желмен ұшып кетеді», – деген тұжырым айтылады.

Негізгі жолға тапсырыс беруші – облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Жоба бойынша 28 шақырымға ені 4,5 м., қалыңдығы 4 см. асфальт төсеу жоспарланған.  Осы орайда бекітілген жобаның өзі шикі болып тұрғандай. Үлкен жолға 4 см асфальт төсеу деген ақылға сыймайды. Сонымен қатар, ені 4,5 метр деген де көңілге қонымсыз. Қарсы бағытта келген екі көлік бір жолға сыймайды. Ертең ертегіде айтылған ақ лақ пен көк лақтың кері келмесін. Екі көлік соғысып, жолаушылардың өміріне қауіп төнбейтініне кім кепіл?! Жобаны жасаған жауапты мекеме екі ауыл арасындағы көлік қатынасы сирек деген шешімді негізге алған болар. Бірақ екі аралықта қауіпті бұрылыстар өте көп.  Одан кейін астында негізгі қиыршақ тасы жоқ борпылдақ құмның үстіне асфальт салу деген нағыз жауапсыздықтың өзі. Бүгінгі салып кеткен асфальт күні ертең құмның астына батып кететіні анық, я болмаса қырық құрауға бөлініп желмен ұшып кетеді. Біздің көңілімізге жол салуда негізгі технология бұзылып отыр деген ой келеді. Бұл жайында жолға жауапты мамандардың жауабын ести жатармыз. Аталған жол мәселесіне байланысты толық ақпарат алдағы уақытта жарияланбақ.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ