Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚОЙ ҚЫРҚЫП ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 05.07.2021
Оқылды: 2092
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Бастөбе ауылдық округіндегі «Қазына» ЖШС қой өсіру шаруашылығында қой қырқудан «Шопан ата қырықтықшылар жарысы» атты дүбірлі жарыс өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған шараның өтуіне «Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы мұрындық болды. Аталмыш шараға аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар мен еліміздің  басқа  өңірлерінен келген шаруа қожалық иелері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешенінің атқарушы директоры, агроөнеркәсіп кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің басшысы Ербол Есенеев қатысты. 

«Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев мұндай шаралар қарапайым шаруа адамдарын ынталандырып, кәсіби тұрғыдан дамуына себеп болатындығын айтты. Жарысқа Атырау, Жамбыл мен Алматы облысынан 22 малшы келіп, өнерлерін салды. Басты мақсат – шаруа адамдарын ынталандырып, малшылардың мәртебесін көтеру әрі қой қырқу ісінің үздіктерін анықтау. 
Отызға жуық жігіт әрқайсысы 15 қойдан қырқып, жылдамдық пен сапаға көңіл бөліп, малды жарақаттап алмауға тырысып бақты. Білекті де ептісі жеңді. Бас жүлдені Жамбыл облысынан келген Кен Нұрбол деген қырықтықшы жеңіп алып, германиялық Heiniger брендінің қырқу құралына және 150 000 теңгеге ие болды. Қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары да үлестірілді. 
– Мал күтімінің маңызды бөлігі ретінде қой қырқу жылдамдық пен ептілікті, шыдам мен шеберлікті қажет ететін қабілет. Еліміздің түкпір-түкпірінде атакәсіпті игеріп, мал күтімінің «түбін түсіріп» жүрген түрлі таланттардың бар екендігіне шүбә жоқ. Солардың басын қосып, ынталандырып, оның үстіне келер жылы болатын қой қырқудан әлем чемпионатына қатысатын мықтыны анықтап алу негізгі мақсаттарымыздың бірі, – дейді қауымдастық төрағасы Алмасбек Садырбаев.
Ауданымызда 2020 жылы іргетасы қаланған «Қазына» ЖШС-інде 2 мыңға жуық «Гемпшир» асыл тұқымды қойы өсіріледі. Алмасбек Садырбаев шарада инновациялық ферманың маңызы мен алдағы жоспарлары туралы бөлісті. Бір айта кетерлігі, Шопан ата төлдерін мал дәрігері қатаң бақылауда ұстап, бақылап отырады. Мал бағатын шопандар асыл тұқымды қойдың қыр-сырына қанығып қалған. «Қазына» серіктестігінің директоры Алмаз Берлібатыровтың айтуынша, шаруа қожалығы инновациялық технологияларға аса көңіл бөледі. Алдағы уақытта қой шаруашылығын дамытуға мол үлес қоспақшы. 

А. ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы