БОЛАШАҚТЫҢ МЕКЕНІ

Уақыты: 06.07.2021
Оқылды: 1075
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елорда мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуі жолында маңызды рөл атқарады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаңа астананың салынуы ел дамуына серпін берді.

Рас, халық арасында бұл бастаманың жүзеге асырылуына күмәнмен қарағандар аз болмады. Дегенмен, стратегиялық маңызы бар бұл жоба ел мақтанышына айналды. Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің бас қаласы ғана емес, әлемдік деңгейде маңызы бар шешімдерді қабылдайтын, батыл бастамаларды іске асыратын орталық ретінде танылды. Оған дәлел – «EXPO–2017», Еуропа ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының жиыны (ОБСЕ), Қысқы Азияда ойындары, дәстүрлі түрде өтетін халықаралық съездер мен форумдар. Әсіресе, әлемнің 115 мемлекеті қатысқан «EXPO–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ерекше атап өтсек болады. Оған арнайы келген жандардың ішінде елордамыздың келбетіне тамсанбаған адам жоқ. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік.
Нұр-Сұлтан – жасампаз жастар қаласы. Арман қаланың болашағы жарқын, келешегі кемел. Бүгінде еліміздің ертеңі, егемендіктің еңсесін тіктейтін жастардың дені елордаға барып қызмет етіп, астананың тұрғыны болуды армандайды. Ел астанасының бүгінгі ажарын жастардың өмір салты және арманымен жиі салыстырып жатамыз. Себебі, Нұр-Сұлтан – болашақтың мекені. Сарыарқаның бойынан орын тепкен елорда жарқын идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Бас қаламыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілерінің бірегейі – «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр». Мұндай маңызды нысандардың әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Елорда – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Еуразияның жүрегінде орналасқан бас қаламыздың басқа шаһарлардан ерекшеленіп тұрған көрінісі ерекше тамсандырады. Тіпті, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар да астанаға, оның заманға сай салынған құрылысына қызыға қарап, келбетіне сүйсінеді. Қазақтың қасиетті ордасы атанған астанамыз жыл өткен сайын сәулеті де, дәулеті де өркендеп, әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени орталық болып қалыптасып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне баланған бас қаламыз әлі де көркейе берері сөзсіз. Барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймын!

Жанболат Жөргенбаев,
облыстық мәслихат хатшысы