ҰЛТ КЕЛБЕТІ

Уақыты: 06.07.2021
Оқылды: 1017
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарыарқаның төсінен, ерке Есілдің бойынан орын теуіп, тотыдай түрленген, сұңқардай сыланған астананың бүгінгі келбетіне қарасақ көз тоймайды. Иә, бас қаламыз осы ғасырдың інжу-маржаны іспеттес. Еуразияның жүрегінде орналасқан әсем қала небары жиырма жылдың ішінде барша әлем назарын өзіне аудара білді.

Уақыт керуенін бір сәт артқа жылжытып көрейікші. Бас қаламыз осыдан жиырма жыл бұрын қандай еді? Ал қазіргі көрінісі қандай? Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ, бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай болғанда да осы уақыт өлшемінің ішінде қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы жаңарып сала берді. Бұл бірінші кезекте Елбасының ерен еңбегінің арқасы. Құлазып тұрған қаланы қайта жаңғыртып, тасты жерге тал егіп, құмды жерді нулы етті. Бүгінде арман қаланың қай бұрышына назар аударсаң да айрықша сұлулығымен көз тартатын заманауи әсем ғимараттар мен сарайлардың, көпқабатты тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік кешендердің көптеп салынғанына куә боласың. 
Аз уақыттың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының тек еліміз үшін ғана емес, әлем жұртшылығы үшін де маңызы зор шаралар өтетін қалаға айналғаны ерекше қуантады. Кезіндегі жазық даламыз жасыл желекке оранып, жыл сайын бой түзеп, жаңарып, заманға сай мекемелер бой көтеріп, жаңа ғимараттардың саны көбеюде. Басқа шаһарлардан ерекшеленіп тұрған бас қаламыздың көрінісі көпшілік қуанышын еселеді. Тіпті алыс-жақын шетелдерден келеген қонақтар да астанаға, оның заманға сай салынған құрылысына тамсанады, келбетіне сүйсінеді. Бізге бұдан артық не керек? Әрбір перзент, әрбір азамат өзі өмір сүретін өлкесін мақтан тұтса, міне, патриотизм дегеніміз сол. 
Елордада сәулеті бір-бірімен бәсекелескен, көздің жауын алатын ғимараттар жетіп артылады. Мәселен, осы қалаға арнайы ат басын бұрып, табан тіреген шетел азаматтары жас қаланың әсемдігіне тамсанып, көкпен таласқан «Бәйтерек» монументіне бас сұқпай кетпейді. Сұлулығы тамсандыратын сәулеттік кешеннің алғашқы сапында «Хан Шатыр», «Бәйтерек», Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы және «Қазақ Елі» монументі тұр. Әсем ғимараттарға аспаннан қарағанда қыран құстың бейнесі секілді. Ал Бейбітшілік пен келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы еліміз үшін маңызды, саяси форумдар мен үлкен басқосулардың мекені. 
Иә, бар қазақтың қасиетті ордасы атанған астанамыз шын мәнінде арман қалаға айналды. Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне баланған бас қаламыздың жыл өткен сайын сәулеті де, дәулеті де өркендеп, әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени орталық болып қалыптасып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Сайын дала төсінде бой көтерген арман қаладағы әсем ғимараттар мен заманауи кешендер қатары жыл санап арта береді. Астананың келбеті – ұлт келбеті. Сондықтан еліміздің бағына біткен арман қала, ғажайып мекеннің әлі де көріктене түсері сөзсіз.

Нұрлан Қылышбаев,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты