ЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ ...

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 821
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әркім өз дәуірінің куәгері. Көргені мен естігенін кейінгіге үлгі ретінде айтып, өскелең ұрпаққа тарихтың тапжылмас деректерін жеткізіп отырады. Қанша жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек ете жүріп, Алматы мен Талдықорған облыстарының бірігуі мен бөлінуіне осымен 4 рет куә болыппын.

Сонау 1967 жылы менің бала күнімде өз алдына бөлек облыс атанған Талдықорған өңірі еліміз тәуелсіздік алған соң 1997 жылы қайтадан Алматы облысымен біріктірілгені тарихтан белгілі. Одан кейін оң мен солымды танып, еңбекке араласа жүргенде бір шеті Алакөлден басталып, Қордай өңіріне дейін жалғасып жатқан ауқымды аймақтың көптеген жетістігі мен елеулі қуанышына куә болдық. Құдайға шүкір, күндер өткен сайын дамудың белестеріне кезекпен көтерілген еліміз үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауы Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының қайтадан құрылуымен ерекше болғанын қалай жасырайық?! Міне, енді Алматы және Жетісу облыстары өз алдына әкімшілік аумаққа бөлініп, дамудың даңғыл жолына түсіп жатыр. Осының өзі тарихи сәттің қуанышын еселейтін қадам екені белгілі.

Келешек тарихтың алтын парағы ауысар тұста Алматы облысының әкімі ретінде жас та болса, талай баспалдақтан өткен, экономиканың қыры мен сырын меңгерген Марат Сұлтанғазиев сынды азаматтың  тағайындалуы бүгінгі күннің талабы дегім келеді. «Жас келсе, іске» деген.  Жаңа Қазақстанның жаңа дәуірі жастармен дамыры анық!

Ермек Келемсейіт,
Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы