ЖЕТІСУ ЖАЙНАЙДЫ

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 2868
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл өзі өзгеріске толы ерекше жыл. Жуырда ғана референдумды қоғамдық талдау қалалық штабының төрағасы ретінде халықпен көп кездесіп, неше түрлі ой-пікірлерін тыңдаған едім. Сонда байқағаным, тұрғындар жаңа облыс құрылғанға қуанышты. Өзім де мұны қолдаймын. Алматы облысы екіге бөлініп, Талдықорған өңірі Жетісу облысы болып жатыр.

Соған сәйкес мәслихат та екіге бөлінді. Бұған дейінгі Алматы облысы өте үлкен аумақты алып жатқандықтан, бір шетінен екіншісіне жету қиын еді. Әсіресе орталықтан басшылық жасауға ұйымдастыру, бақылау істерінде жер шалғайлығы қолайсыздық туындатын. Енді бұл жағынан алғанда да жеңілдейді.

Кезінде Талдықорған облысы таратылып, екі облыс қосылып Алматы облысы болған кезде бірнеше аудандар жабылып қалған болатын. Бұған мысал осындағы біріктірілген, таратылған Үйгентас, Қапал, Бөрлітөбе аудандары. Аудан орталығы жабылғаннан кейін халықтың жағдайы нашарлап кетті. Кеңшар, ұжымшар, мектеп пен балабақша жабылып, адамдар жұмыссыздықтан көбі қалаға көшті. Халық саны азайды. Енді халық саны қайтадан артады. Ауыл шаруашылығымен айналысамын дегендерге жер керек. Пайдаланбай жатқан жерлер бар. Ата-заң өзгергеннен кейін жер заңнамасы да өзгеріп, жерді қайтарады деп халық үміттеніп отыр. Қара жермен нақты жұмыс істейтіндерге жер беріледі. Екіншіден, бұрынғы аудан орталықтары қайтадан көркейеді. Жаңадан өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Бұрын облыста төрт қант зауыты болатын –  Алакөлде, Сарқанда, Ақсуда және Қарабұлақта. Сол төртеуі түгел қайтадан істейді деп үміттенеміз. Текелі, Лепсі, Кербұлақ сияқты мекендерде туризм жанданады. Алакөл сияқты демалыс орындары дамиды. Қорғас шекаралық аймағы тәртіпке келтіріліп, бюджетке қомақты қаржы құйылады. Осының барлығы халықтың табысын арттыруға сеп болмақ. Халық жақсы өзгерістің болатынына сеніп, осынындай игіліктерді күтіп отыр.

Мәслихат депуттарының таңдауынан соң облыс тізгінін ұстаған жаңа әкім Бейбіт Исабаев есімін ел білетін азамат. БАҚ, дипломатия сынды жауапкершілік талап ететін  салаларда сыннан өткен.  Жетісу өңірінің өркендеу мүмкіндіктерін толық жүзеге асырады деп ойлаймын.  

Болат ТҰРЫСБЕКОВ,
Алматы облыстық білім-ғылым
және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлері кәсіподағы

ұйымы төрағасының орынбасары