ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ЕСІМ

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 1198
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ішкі-сыртқы саясатын, халқымыздың жай-күйін терең білетін Бейбіт Исабаев жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі болып тағайындалды. Елге етене таныс есім.

Кезінде Алматы шаһары әкімінің орынбасары қызметін де жемісті атқарған. Бұл азамат турасында көп айтуға болады. Ең бастысы, қай жерде еңбек етпесін ел үмітін ақтап, абыройын сақтап, сенімге селкеу түсірмей келеді. Тек жақсы лепеспен аты шығуының өзі көп жайтты аңғартса керек.

Жетісу өлкесінің тумасы. Ел мен жер  қадір-қасиетін бойына уызынан сіңіргендіктен халықпен тіл табысып кетеріне бек сенеміз. Бірінші кезекте тындырылар шаруаларды да жақсы біледі. Бұл турасында сенатор өресінен бұқаралық ақпарат құралдарында жазып та, айтып та жүр. Қордаланған мәселелерді тұрғындармен бірлесе отырып барынша жүйелі әрі орнықты шешуге               білім-білігі де, тәжірибесі  де жетерлік.

Қазіргідей құлағы түрік Үкімет белсенділігі артқан тұста Бейбіт  Исабаев секілді халықшыл да арлы азаматқа таңдау жасалынуы өте орынды деп есептей отыра су жаңа әкімімізге  ақ жол тілейміз!

Әміре ӘРІН,
Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры