АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

Уақыты: 13.06.2022
Оқылды: 1342
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

2018 жылдың 5 қыркүйегі. «Ауғанстанның Кабул қаласында екі бірдей жарылыс болып, 20 адам қаза тапты». Дәл осы қайғылы хабарды қазақстандық БАҚ жарыса жариялап жатты...

* * *
Қазақ ұлтттық университетінде бізбен қатар Самим, Рахим есімді ауған жігіттері білім алды. Жатақханада да бірге тұрды. Әдетте, орыстың қазақша сөйлегеніне таңғалып жүрген біз ауған жігіттерінің қазақша тілдескеніне біраз уақыт үйрене алмадық.  Рахим 6 тілде, Самим 7 тілде еркін сөйлейтін. Үнді, түрік тілдерінде кино көріп, музыка тыңдап, күн сайын «BBC News», «Euronews», «CNN», «New York Times» секілді әлемдік ақпараттық агенттіктердің жаңалықтарын үзбей бақылайтын. Самим сабақтан бөлек, кешкілік ағылшын тілін оқытатын орталықта жұмыс істеді. Биден де сабақ беретін. Бізге Ауғанстан десе бірден соғыс, теракт, жарылыстар елестейтін. Сол туралы суыртпақтап сұрағанымызда.
– Бізді жұрттың бәрі соғысқұмар көреді. Бала кезден қолдарына «автомат» ұстайды деп ойлайды. Бұл қате. Біз секілді білім қуған жастар өте көп. Бәрі Отанын жақсы көреді, соғыстың, атыстың болмағанын қалайды. Сендер қандай бақытты едіңдер? Осындай тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүру – талайдың арманы, – дейтін. Салт-дәстүрлерін, дін ұстану жайлы да сұрайтын едік.
– Дінге берікпіз. Әйелдеріміз қымтанып жүреді. Қазақстандағыдай емес. Үйге қонақ келгенде олар бөлек бөлмеде тамақ әзірлеп, есіктен беріп тұрады. Қонақ кеткенше сыртқа шықпайды. Демалыста міндетті түрде  келіңдер, сендерге Ауғанстанды көрсетейік, – дейтін. 
Жатақханада бөлмелеріне бара қалсақ, бос жүргенін көрмейтінбіз. Тамақты да дәмді даярлайды. 
Екеуімен қазақтың тарихы, салт-дәстүрі, әдебиеті жайлы ұзақ сөйлесетінбіз. Түсінбей жүрген сөздердің мағынасын сұрайтын. Уақыт өте келе әдеби шығармаларды да қазақ тілінде оқитын дәрежеге жетті. Абайдың өлеңдерін жатқа соғатын. Қазақ тілінің ең бай, көркем тіл екенін айтып, екі ауған группаласымыз да дипломдық жұмысын қазақ тілінде қорғады. Оқу бітірген соң туған елдеріне қайтып, Рахим Ауғанстан Президентінің баспасөз қызметіне жұмысқа тұрды. Ал Самим болса сол елдегі «TOLO news» (TBC) ақпарттық агенттігінде тілші болды. 
* * *
 «Ауғанстанның Кабул қаласындағы жарылыстың бірінде Қазақстанда оқыған журналист қаза тапты» деген хабар жетті. «Inform.kz» сайты таратқан: «Ірі лаңкестік оқиғасының салдарынан қаза тапқандардың арасында БАҚ өкілдері де бар екені туралы ақпарат тарады. Бүгін «TOLO news» телеарнасы жарылыс оқиғасының егжей-тегжейін білу үшін барған тілшісі Самим Фарамарздің опат болғанын мәлімдеді» деген ақпарат жүрекке салмақ салды. Себебі ол – біздің баяғы мейірімді, еңбекқор, достыққа берік Самим болатын. 

Мәулен ӘНЕРБАЙ