КӨЛ БОЙЫ КӨРКЕЙЕ ТҮСПЕК

Уақыты: 14.06.2022
Оқылды: 884
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Лепсіден көл жағалауына дейінгі 27 шақырым жолға 2955,334 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмысы бас мердігер «Казстройцентр» ЖШС-нің еншісінде.

Балқаш көлінің жағалауында қазіргі уақытта 18 демалыс аймағы жұмыс істейді. Өкінішке қарай, көл жағасында спорттық-бұқаралық ойындар өткізуге арналған спорттық алаң жоқ. Сонда да жыл сайын шомылу маусымы ашылғанда жағажай футболы мен волейболдан жарыс өтіп жүр. 

Биылғы шомылу маусымының ашылуына жағажай волейболы, арқан тарту, гір көтеру және армреслинг бойынша сайыстар өткізу жоспарланған. Ойын алаңынан бөлек бұл жақта жол мәселесі де әлі өзекті. Айталық, 2017-2020 жылдары бюджеттен 10 млрд. теңгеге жуық қаржы шығынданып, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының тек 35 шақырымы ғана жасалды. Бас мердігер «Жол» ЖШС тақтайдай жол төсеп, жобаны сапалы атқарып шықты. 
Өткен жылы «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35-110 шақырым аралығы қайта есептеліп, жол құрылысы 13693,555 млн. теңгені құрады. 2023 жылға дейін толық аяқтау «Жол» ЖШС-не тапсырылған. Сондай-ақ, Лепсіден көл жағалауына дейінгі 27 шақырым жолға 2955,334 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмысы бас мердігер «Казс- тройцентр» ЖШС-нің еншісіне тиіпті. Олар жобаны келесі жылдың шомылу маусымына дейін аяқтайтынына сенімді.
Қазір аталған аумақтарда топырақтың өсімдік қабатын алу, айналма жолды жайластыру, жер қазу және құбырлы және тюбенді өткелдердің құрылысы, тағы да басқа жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, көлге шомылуға баратын жүргіншілер 2017 жылдан бері жыл сайын сағызша созылып келе жатқан жол құрылысына наразы. Осы жағдай биыл да қайталанғалы тұр. Сондықтан Балқаш көліне келетін демалушылардың қатарын көбейту үшін автожолды тездетіп жөндеген жөн.  
Тағы бір айта кетерлігі, қазір демалушылардың талғамы жоғары. Өйткені, шетелдің жанға жайлы, демалысқа қолайлы жерлеріне жиі баратындар елдегі демалыс айлақтарынан да сондай жағдайды талап етеді. Бұл ретте Сарқан ауданындағы туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатында 2012 жылдан бастап «Балқаш туристік-рекреациялық аймағын» жоспарлау жобасы қолға алынды. 
Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде  мемлекеттік сараптаманың және бас жоспардың оң қорытындысымен 860 гектар аумақты құрайтын бас жоспардың 560 гектарының техникалық экономикалық негіздемесі әзірленген. Оның жобасын «Казгипроград» жобалау институты» ЖШС 23 320 000 теңгеге орындапты. Бас жоспар Сарқан аудандық мәслихатымен 2013 жылғы 17 сәуірдегі №16-87 қаулысымен бекітілді. Бас жоспарда балық аулау және аңшылық демалыс аймағы, жастар аймағы, климат, су және балшықпен емдеу аймағы, қыс мезгіліндегі демалыс аймағы, балалар демалыс аймағы, отбасылық демалыс аймағы, элиталық демалыс аймағы сияқты 7 демалыс аймағы мен бірнеше кешен қамтылған. 
Есептік мерзімге жобаланған аумақтың жалпы сыйымдылығы шамамен 44,92 мың демалушыны және рекреациялық салада 7,5 мың адамды қамтиды. Олар жайлы демалып қайтуы үшін таза ауызсу желісі мен кәріз жүйесі тартылып, сорғы стансылары салынады. Электрмен толық қамтамасыз етіліп, көл жағасына жүргіншілер жүретін тротуар, оның бойына жарық шамдар орнатылмақ. Осы жұмыстар толық жүзеге асса, Балқаш көліне баратын демалушылардың қатары көбейе түспек. 

Қажет АНДАС
Сарқан ауданы