ЖЕТІСУДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Уақыты: 13.06.2022
Оқылды: 1282
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысы екіге бөлінді. Әркім өзі тұратын өңірдің болашағына алаңдаулы.  Әсіресе,  Жетісу облысының халқы «республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы  азайып, жағдайымыз төмендеп кете ме» деген дүдәмал ойда.

Алайда, алаңдауға негіз жоқ. Өйткені жаңа кәсіпорындар іске қосыла бастады. Мысалы, биыл Қаратал өңірінде жоғары сапалы кремний өндіру қолға алынды.  Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасының тоқтаусыз іске асырылып келе жатқандығының айғағы. Жаркент өңірі – өзінше бір экономикалық  аймақ. «Қорғас» кеденінен облыс қазынасына түсер салық едәуір. Болашақта аталмыш елмен сауда-саттық бұрынғыдан да жанданбақ. «Достық» кеденінде үлкен порт ашылғалы жатыр.  Бұрын екі елден келген пойыздар қатар тоқтап,  жүктерді бір-біріне қолмен лақтыратын. Бұл қауіпті және көп уақыт алатын. Енді тек вагондарды бір-бірімен алмастыратын болады. Жүк те сынбайды, артық күш те жұмсалмайды. Яғни, жүк тасымалы жақсарады. 
Жетісу облысының шұрайлы өлкесі – Алакөл. Айдынды өңірдің  суы мен балығы – табиғат берген сый. Жазда демалушылар саны көбейіп, туристер легі артуда. Мұнда балық өндірісі де дамыған. Сарқанда май зауыты өндірісі кеңейіп, шаруашылықтардан сүт сатып алу бизнесі жақсаруда. Табиғаты көркем Текелі қаласының маңы туризммен ерекшеленуде. Тау шаңғысы, ат серуені серпін алуда. Өңір, негізінен, төрт түлік мал өсірумен шұғылданады.  Аграрлы аймақта мал азығын дайындайтын цехтар ашылуда. Оның бірі – Ақсу ауданындағы қант қызылшасынан сүрлем сығатын цех. Алдағы уақытта Молалы стансысы мен Жансүгір кенттерінің арасына теміржол салу ойда бар. Мұның барлығы жүзеге асқанда экономикалық  жағдай бұрынғыдан да жақсара  түседі. Сондықтан Жетісу өңірінің болашағы зор. Алдағы уақытта өндіріс пен ауылшаруашылығы өркен жаяды.

Ғабит Тұрсынбай, 
Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп  жөніндегі уәкілі