ТАУДАҒЫ ТАРТЫСТЫ САЙЫС

Уақыты: 22.06.2022
Оқылды: 1372
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ мен Текелі қалалық филиалының жанынан құрылған жастар кеңесі «Туристік слет» жарысын ұйымдастырды.

Шара 18-35 жас аралығындағы жас ұстаздарды қамтыды. Облыстық ұйымға қарасты аудандық, қалалық филиалдан 10 команда қатысты. Жарысқа қатысушылар алдымен Текелі қаласында «Будда тасы» мен «Көктөбе» бақылау алаңы сынды мәдени орындарды аралады. 
Түс ауа «Тау сәулесі» қонақүйінің ауласында шараның ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық кәсіп­одақ ұйымының төраға орынбасары Болат Тұрысбеков, Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов, қалалық білім бөлімінің басшысы Нариман Естібаев, аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары және жас ұстаздар қатысты. 
Шараға қатысқан қадірменді қонақтар сөз алып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде сіңірген еңбектерін жоғары бағалап, алғыс білдірді. Жарыста жеңіс тұғырынан көрінуге тілектес екенін жеткізді. 
Командалар жеребе арқылы ретін анықтап, «Таныстыру» кезеңінде өнер көрсетті. Аудан, қаланың табиғатын көрініске қосып, топтың құрамы мен ұранын нақтылады. Жас ұстаздар «Туристік ән» сайысында да белсенділік танытып, жанды дауыста ән шырқады. Одан кейін команда капитандарына жарыстың бас төрешісі Дәулеткелді Испулатов «Крос-жорық» қашықтығына байланысты хабарлама жасады.
Туризмді насихаттауға арналған жарыс Текелі қаласының «Горняцкий» шағын­ауданында жалғасын тапты. Мұнда командалар сап түзеп, қатысушылар алдын ала дайындалған аспалы арқан, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетуге және оны белгілі бір қашықтықта тасымалдау, параллелді арқандар арқылы өзеннен өту, ілулі тұрған арқан (маятник) арқылы өзеннен секіру сынды кедергілерден өтіп, жылдамдықтары сыналды. 
 «Туристік слет» жарысында командалық есепте І орынды Алакөл ауданы, ІІ орынды Талдықорған қаласы, ІІІ орынды Кербұлақ ауданы иеленді. Сондай-ақ, «Таныстыру» номинациясы бойынша Алакөл, Кербұлақ, Ескелді аудандары үздік деп танылса, «Туристік ән» сайысында Талдықорған қаласы мен Көксу, Алакөл аудандары жүлдені өзара бөлісті. Спорттық шараның «Крос-жорық» қашықтықты бағындыру кезеңінде Талдықорған қаласы топ жарса, Алакөл мен Кербұлақ аудандарының жас ұстаздары шеберліктерін байқатты. 
Жарыс жеңімпаздары облыстық ұйымның дипломдары, кубоктары және Текелі қалалық филиалының атынан қаржылай сыйлықтарымен марапатталды. Өзге де қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. 

Маржан Қайратқызы
Алматы облысы