МАРАФОНҒА ҚАТЫСҚАН ШЕКАРАШЫЛАР

Уақыты: 22.06.2022
Оқылды: 1073
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің оңтүстік астанасында жыл сайын өтетін ұзақ қашықтықтағы марафонға үзбей қатысып келе жатқандардың қатарында біздің шекарашыларымыз да бар.

Жарысқа ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінен майорлар Абай Сапаров, Алмас Болатханов, Ернар Исанов және Балжан Мадраимовалар қатысты

А.Сапаровтың алып шаһардағы 42,2 шақырымдық марафонға 2017 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Өзі ҰҚК Шекара академиясының түлегі. Ал, шекарашылар академиясында спорт түрлеріне, оның ішінде жеңіл атлетикаға үлкен мән береді. Офицер А.Сапаровтың ұлы 15 жасар Алихан да 2018 жылдан бері марафоншы. Екінші ұлы Ералы да жеті жасынан бастап желаяқ атанған.

- "Әкеге қарап ұл өсер" деп бекер айтпаса керек, ұлдарымды салауатты өмір салтын ұстануға үйрету үшін «Мен секілді жаса» қағидасын ұстанып, марафонға қатысуды бастадым. Қазір 42 шақырымға жүгіремін. Ұлдарым да әкелерінен қалысар емес. Бұл  мені қуантады, - дейді А.Сапаров.

Майор Ернар Исанов қала халқы ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен желаяқтар қатысатын «Алматы-марафон» шарасына 2019 жылдан бері қатысып келеді. Бұған қоса, офицер өзі білім алған ҰҚК Шекара академиясының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған велошерудің қатысушысы. Бүгінге дейін марафондарға қатысып, 10 медаль таққан әріптесіміз әзірге 21,1 шақырымды місе тұтса, мұны болашақта 42,2-ге дейін жеткізуді алдына мақсат етіп қойған.

Ал кезекті желаяғымыз майор Алмас Болатханов жүгіруді өткен жылдан бастапты. Сондықтан офицердің қоржынында әзірге үш медаль бар. Қаланың тайлы-тұяғы қалмай қатысатын марафонға Алмас әу баста інілерін спортқа баулу үшін барған көрінеді. 

Ерлер арасындағы жалғыз қыз – майор Балжан Мадримованың да «Алматы-марафон» ауқымды жарысына қатысқанына көп өтпепті. Өткен жылдың қазан айында желаяқтардың сапына қосылған ол әзірге 10 шақырымдық қашықтықты басып өткені үшін үш медалдің иегері атанған.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА.
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.